Қазақстан Халық партиясы өзінің «Таза Өлке» экологиялық акциясын жалғастыруда. Өңірлердегі партия өкілдері тазалық сақтау, рұқсат етілмеген қоқыс тастайтын жерлерді жою мен табиғи ресурстарды қорғауға бағытталған сенбіліктер, аумақтарды тазарту, ағаш отырғызу және т.б. іс-шаралар өткізуде.
Акция аясында ҚХП Атырау облыстық филиалының ұжымы Қаныш Сәтпаев даңғылында сенбілік ұйымдастырды. Партиялықтар ескерткіш пен маңайын тазалап, іргелес аллеяларды тұрмыстық қоқыстардан тазартты. Филиал белсенділерінің пікірінше, мұндай іс-шаралар халықтың экологиялық мәдениетін дамытып, жастардың тәрбиесіне оң ықпал етеді.
ҚХП Маңғыстау облыстық филиалының өкілдері Ақтау қаласындағы Каспий теңізінің жағасында тұрған Амфитеатр аумағын қоқыс пен құрғақ бұталардан тазартты.
– Біздің іс-шараның мақсаты қоршаған ортаны қорғау, экологиялық жағдайды жақсарту және жағаға келушілер үшін қауіпсіз жағдай жасау болып табылады, - деп атап өтті партия мүшелері.
ҚХП Шымкент қалалық филиалының белсенділері Қошқар ата өзенінің жағалауын тазарту жұмыстарын ұйымдастырды. Оған қаланың Абай ауданының басшылығы қолдау көрсетті.
Ал ҚХП Алматы облыстық филиалы Шеңгелді ауылында « Өлкеміздің таза болуы үшін!» деген ұранмен сенбілік өткізді. Партиялықтар ауылдың аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын атқарып қана қоймай, гүлдер мен көшеттер отырғызды.
Қазақстан Халық партиясы экологияға деген жанашырлық пен жауапкершіліктің үлгісін іс жүзінде көрсетіп келеді. «Таза Өлке» акциясы аясында еліміздің барлық өңірлерінде экологиялық шаралар өткізіледі.