ҚХП-дан сайланған Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал санаттарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан Ақтөбе облысына жұмыс сапарын жалғастыруда.
Мәжіліс депутаты сапар барысында облыс әкімі Асхат Шахаровпен және жергілікті мәслихат депутаттарымен кездесті. Тағы бір есте қаларлық шара «Дария» орталығында өткен кездесу болды. Жиынға мүгедектігі бар адамдармен және басқа да әлеуметтік қорғалмаған санаттармен жұмыс істейтін «Қазақстан соқырлар қоғамы», «Қалалық мүгедектер қоғамы», «Ақтөбе облысының ҮЕҰ қауымдастығы» және т.б. түрлі үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктер мен қорлардың өкілдері, барлығы 50-ден астам адам қатысты.
Кездесу мазмұнды әрі мәнді өтті. Кенжеғұл Сейтжан Парламент Мәжілісінің заң шығару қызметі, Қазақстан Халық партиясы алға тартқан әлеуметтік бағдарлама және азаматтардың әлеуметтік қорғалмаған топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің жұмысы туралы әңгімелеп берді. Осы жерде ол ең өзекті мәселелерді тыңдап, бірнеше ұсыныстар айтты.
Тағы бір іс-шара «Қазақ соқырлар қоғамының» мәдениет үйінде өтті. Онда мәжілісмен Мәдениет үйінің басшылығымен және еңбек ұжымымен, сондай-ақ Ақтөбе қаласының мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлерімен әңгімелесті. Сонымен қатар, К.Сейітжан жергілікті «Сал болған азаматтарды қолдау одағы» қоғамдық бірлестігінде де болды.