ҚХП: Социалистік идеялар заман талабына сай бейімделуі тиіс

dep.jpg

Социалистік идеялар қоғамның бүгінгі тынысына бейімделуі керек. Бұл – заңдылық қана емес, заман талабы. Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамовтың пікірі осындай.

Оның айтуынша, кез келген саяси ұйым қоғам өмірінде өз орнын жоғалтпау үшін заман ағымына сай жаңғырудан өтеді. Осы тұрғыдан алғанда, ҚХП-ның марксизм-ленинизмнің бұрынғы үлгісін бұлжытпай ұстануы заманауи шындықпен үйлесе қоймайды.

– Өткенді сол күйінде көшіру мүмкін емес. Біз таптар арасындағы күрес туралы емес, қазіргі жағдайда адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау туралы сөз қозғап отырмыз, – деді депутат.

Магеррамовтың айтуынша, Қазақстан Халық партиясы солшыл бағыттағы күштерге тән негізгі құндылықтарды сақтап отыр. Соның бірі – интернационализм. Бұл – адамзаттың өзара сыйластық пен ынтымаққа негізделген қоғам құруға деген ұмтылысы. Әлеуметтік әділет – ел байлығын әділ бөлуге жол ашатын ұстаным. Саяси теңдік – азаматтардың ел тағдырына қатысты шешімдерге қатысу құқығы. Ал еңбек ету құқығы – әр адамның маңдай терімен тапқан еңбегіне сай әділ ақы алуға деген кепіл.

– Бұл құндылықтар бүгінгі күні де өз маңызын жойған жоқ, – деп нақтылады Мәжіліс депутаты.

Сонымен қатар партия отандық кәсіпкерлікті қолдауға да айрықша мән беріп отыр. Себебі шағын және орта бизнестің табысы көбейсе, бюджетке түсетін қаржы да артады. Ал бұл, өз кезегінде, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

– Біз цифрлану мен жаһандану жағдайында еңбек адамының құқықтарын қорғау жайын ескерусіз қалдыра алмаймыз. Егер бастауға ораламыз десек, бұл адамның қоғамдағы ең басты құндылық екенін қайта мойындау деген сөз. Бұл – уақытқа бағынбайтын, өзгермейтін ұстаным, – деді Магеррамов.

Депутаттың айтуынша, партия ішінде де жаңаша ойлау мен жұмысты ұйымдастырудың жаңа үлгілерін іздеу жүріп жатыр. ҚХП қатарына түрлі салада еңбек етіп жүрген, өмірлік және кәсіби тәжірибесі бар азаматтар қосылуда.

– Ең бастысы – партияның идеяларына сенетін, соны жүрегімен қабылдаған, соған сай тәрбиеленген жаңа буынды қалыптастыру. Бұл – партияның болашағын айқындайтын басты міндет. Сонда ғана партия құр сын айтып, шағымданумен шектелмей, өз мақсатын айқын белгілеп, соған қарай нық қадам жасай алады, – деп нақтылады ол.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy