ҚХП депутаты Жезқазғандағы өндіріс орындарының ахуалымен танысты

Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясынан сайланған депутаттар өңірлерде сайлаушылармен кездесулер ұйымдастыруда. Солардың бірі – Асылбек Нұралин Жезқазған қаласына жұмыс сапарымен барып, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС және бірқатар өзге де кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен кездесті.

Шығыс-Жезқазған кенішіне, «Анненская» шахтасына барған депутат өндірістік процестердің ұйымдастырылуымен, жұмысшылардың еңбек жағдайымен және кен өндіру жұмыстарының барысымен танысты.

1

– Ерекше назар еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау мәселелеріне аударылды. Өндірістік жарақаттың алдын алу шараларын, белгіленген нормалар мен талаптардың сақталуын, сондай-ақ шахтадағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға бағытталған заманауи технологиялар мен жабдықтарды енгізу мәселелерін талқыладық, – деді Асылбек Нұралин.

Кәсіпорын басшылығы және кеншілермен өткен кездесулерде қызметкерлерді жүйелі түрде оқыту мен еңбек жағдайын тұрақты бақылаудың маңызы да сөз болды.

– Кен өндіру саласында жұмысшылардың қауіпсіздігі әрдайым сөзсіз басымдықта болуы тиіс! – деп түйіндеді мәжілісмен.

2

Жезқазған қаласында болған сапары барысында ҚХП депутаты «Жылумен жабдықтау кәсіпорны» АҚ-ға барып, инженерлік-техникалық қызметтердің жұмысымен, қаланы тұрақты әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз етіп отырған жабдықтардың қазіргі жағдайымен танысты.

– Мұнда инфрақұрылымды жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері қозғалды. Жабдықтар мен басқару жүйелерін уақтылы жаңарту аса маңызды. Бұл, әсіресе, халық пен өндіріс нысандарының қажеттілігі артқан жағдайда жылумен жабдықтау жүйесіне тікелей әсер етеді, - деді депутат.

3

Сонымен қатар кездесуде саланы дамытудың келешегі, мемлекеттік қолдаудың ықтимал тетіктері және көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға жергілікті қауымдастықтың қатысуы талқыланды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік, экологиялық жауапкершілік және сапа стандарттарын қатаң сақтау мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Жеке атап өткен мәселе – Жезқазған қаласындағы жылу тарифтерінің мәселесі.

– Бір жағынан жылу кәсіпорындарына жаңғырту жүргізіп, жүйенің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін, екінші жағынан халық үшін әлеуметтік әділетті әрі экономикалық тұрғыдан негізделген теңгерімді шешімдер қажет, – деп атап өтті депутат.

4

Асылбек Нұралин бұл кәсіпорынның қаланың тұрақты тіршілігі үшін стратегиялық маңызы бар екенін айтып, жылумен жабдықтау саласын жаңғырту мен дамытуға бағытталған бастамаларды қолдауға дайын екенін жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy