Халықаралық мүгедектер күні қарсаңында Қазақстан Халық партиясының депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Кенжеғұл Сейітжан ҮЕҰ өкілдерімен бірге Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әсия Ақановамен және алалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өңірлік омбудсмен Диана Ерланмен кездесті. Қоғам белсенділері шенеуніктерге өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуды ұсынды.
Кездесуге қатысушылар бірқатар түйткілді мәселені талқылады. Атап айтқанда, мегаполисте мүгедектерге медициналық және психологиялық көмекті қоса алғанда, қызметтердің толық кешенін алуға мүмкіндік беретін, сондай-ақ жарақат алған жағдайда немесе созылмалы ауруға шалдыққан кезде бейімдеу курстарынан өтетін оңалту орталығын құру мәселесі сөз болды.
«Бүгінде МӘМС жүйесі арқылы алуға болатын емделу курсы тым қысқа, яғни, ол жеткіліксіз», - дейді ҮЕҰ өкілдері.
Сонымен қатар оңтүстік астанаға мемлекеттік офтальмологиялық орталық қажет. Көру қабілеті нашар адамдардың қажетті (міндетті медициналық сақтандыру аясында мемлекет кепілдік берген!) медициналық қызметтерді алуға басқа мүмкіндігі жоқ. Әзірге көзі көрмейтін, көзі нашар көретін азаматтар болмашы жәрдемақы есебінен жеке мекемелерге жүгініп, қызмет ақысын өз қалталарынан төлеуге мәжбүр. Басқарманың жаңа басшысы бұл мәселені қарастыруға уәде берді.
– Айта кету керек, бұл қызметтер – мүгедектікті анықтау немесе оны ұзарту үшін МӘС-тен өту үшін қажет зерттеулер, - деп нақтылады Сейтжан.
Өкінішке қарай, бюрократия және сапасыз ақпараттық жұмыс жиі орын алатын Денсаулық сақтау басқармасының кадрлық мәселелері де ерекше аталып өтті. Қоғам белсенділері пациенттердің жеке деректерін, соның ішінде медициналық ақпаратты қорғау бойынша ұсыныстар берді.
«Омбудсмен институты мүгедектердің құқығы мен мүддесін қорғау жұмыстарын жалғастыра береді», - деп түйіндеді Сейітжан кездесуден кейін.