ТМД аясында қаржылық барлау орталығы құрылады

dep.jpg

Мәжіліс «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдерін бағалау халықаралық орталығын құру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын мақұлдады.

Бұл орталық посткеңестік елдердің қаржылық барлау құрылымдарының өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін халықаралық ақпараттық жүйе ретінде жұмыс істемек.

– Орталық арқылы қылмыстық топтардың, оның ішінде жаңа технологияларды қолдану арқылы жүзеге асыратын тәсілдер мен процестер зерттеліп, туындайтын қауіптерге жедел әрекет ету мүмкіндігі қамтамасыз етіледі, – деді ҚР Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов Мәжілістің жалпы отырысында сөйлеген сөзінде.

Алайда депутаттар тарапынан бірқатар сұрақтар туындады. Атап айтқанда, Қазақстан халық партиясы фракциясының жетекшісі, депутат Магеррам Магеррамов жобаның қаржылық жағдайына қатысты мәселе көтерді. Ратификацияланған құжаттың 16-бабына сәйкес, Орталықты құру мен оны қамтамасыз етуге байланысты барлық шығындарды Ресей тарапы өз мойнына алады.

– Орталықтың жұмысы Ресей қаржысына тәуелді болу арқылы өзге қатысушы елдердің мүддесіне қайшы келмей ме? Бұл нормалардың еліміздің ұлттық мүддесіне сай келетініне сараптама жасалды ма? – деп сұрады депутат.

Сонымен қатар, ол жаңа жүйеде ақпараттың қорғалуы қалай қамтамасыз етілетінін, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік бұзылған жағдайда кім және қандай жауапкершілікке тартылатынын нақтылауды сұрады.

Жеңіс Елемесовтің айтуынша, бұл нормалардың ұлттық мүддеге сәйкестігін еліміздің барлық құзырлы органдары – Қаржы мониторингі агенттігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Цифрландыру министрлігі мен Әділет министрлігі егжей-тегжейлі тексеріп, тиісті қорытынды берген. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары толық көлемде қарастырылған және жұмыс істеп тұр. Дегенмен, Елемесовтің айтуынша, Орталыққа берілетін ақпарат көлемі шектеулі.

– Бұл жүйеге негізінен тек статистикалық мәліметтер, талдамалық және жинақталған ақпарат қана беріледі. Мемлекеттік құпиялар, банк құпиясы немесе жеке деректер орталыққа берілмейді, – деді ол.

Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты бұзушылықтар орын алған жағдайда, жауапкершілік әр елдің ұлттық заңнамасына сәйкес қаралады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy