Қазақстан Халық партиясының депутаты Ирина Смирнова шетелдік агенттер туралы заң жобасын қабылдау жөніндегі бастамасына қатысты БАҚ-та тағы да пікір білдірді. Бұл туралы бейнематериал BaigeNews.kz порталында жарияланды.
Журналистің сұрақтарына жауап берген мәжілісмен АҚШ тарапы жариялаған ақпаратқа сәйкес, Америка Құрама Штаттары Қазақстанға түсініксіз «жалған ақпаратпен күрес» деген желеумен 4,5 миллион доллар бөлгенін еске салды.
– Менде «ол қандай жалған ақпарат?» деген сұрақт туындайды. Неге басқа ел біздің мемлекетке қаржы бөледі? Бұл бір ғана мысал. Бізге қаржы бөлген ел біздің саясатымызды анықтауға тырысып жатыр ма, әлде басқа себебі бар ма? Бұл қандай мәселе?, – деді депутат.
Депутат елде түрлі желеумен жұмыс істейтін экстремистік ұйымдар бар екенін, олардың қазақстандықтарды өзіне тартып, кейін террористік қызметке жұмылдыратынын айтты.
– Бұндай жағдай бар ма? Бар. Оны Сирияға кеткен азаматтарымыздан-ақ көруге болады, – деп атап өтті Смирнова.
Сонымен қатар, мәжілісмен әлеуметтік желілерде кейбір блогерлер таратып жатқан екі жалған мәлімдемені жоққа шығарды. Біріншіден, шетелдік агенттердің қызметіне тыйым салынбайды. Екіншіден, заң тек батыстық қаржы алатын ұйымдарға ғана қатысты емес. Ол бастаманың мақсаты – қандай да бір тыйым салу емес, транспаренттілікті қамтамасыз ету және шетелдік мемлекеттердің Қазақстанға қаржы бөлудегі нақты мақсатын түсіну екенін баса айтты.
– Қазақстанға грант немесе басқа да қаржы бөлетін кез келген шетелдік мемлекет қандай саясат жүргізуді көздейтінін білуіміз керек. Білу – тыйым салу деген сөз емес. Бірақ неге бәрі бірден өзіне тыйым салынғандай қабылдап жатыр? Бұл қаражат қандай саясат аясында бөлінуде? Оның мақсаты қандай? Бізге тек осыны анықтау қажет, – деді Смирнова.
Депутаттың айтуынша, заң барлық шетелдік мемлекеттерге қатысты болуы тиіс, ешкімге ерекше жағдай жасалмайды. Бұған дейін Ирина Смирнова Қазақстанда шетелдік агенттер туралы заң қабылдау қажеттігі жөнінде Қазақстан Халық партиясы фракциясының бастамасын жариялаған болатын. Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда шамамен 200 үкіметтік емес ұйым (ҮЕҰ) шетелден қаржыландырылады. Негізінен, бұл қаражат БАҚ пен сөз бостандығы, мақсатты топтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, демократия мен азаматтық қоғамды дамыту, либералдық реформалар, толеранттылық пен азаматтық белсенділікті арттыру жобаларына бағытталады.
– Тіпті кәсіби мамандардың өзіне қайсысы бізге достық ниетпен көмектесетін ресурс, ал қайсысынан сақ болған жөн екенін ажырату қиын. Өйткені кейбіреулері «жұмсақ күш» деген желеумен деструктивті әсер етуі мүмкін, – деген еді бұған дейін Смирнова. – Сондықтан шетелдік қорлардың еліміздегі қызметі көбірек пайда әкеле ме, әлде кері әсері басым ба – бұл сұраққа нақты жауап қажет.
Аталмыш бастама әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, біраз теріс пікір туғызған еді.