ҚХП Түркістан облыстық филиалында «Түркістан өңірін абаттандыру» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шараға облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Замира Тойбазарқызы, инфрақұрылым және коммуникациялар басқармасының бас маманы Болат Сәтбаев және Түркістан қалалық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Еркебұлан Қалдыбаев, сондай-ақ партияның сарапшылары мен экология белсенділері қатысты.
Дөңгелек үстелге қатысушылар өңірді абаттандыру, нақтырақ айтқанда, дендрологиялық жобаны жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Бұл жоба аясында Түркістан топырағында өсетін өсімдіктердің құрамы анықталатын болады. Бұл оңай емес, өйткені облыс жартылай шөлейт аймақтар қатарына жатады.
«Сондай-ақ алдағы уақытта «Тұран» шағын ауданындағы 11 гектар жерге көгалдандыру шаруашылығын салу жоспарланып отыр. Осылайша рухани елорданы абаттандыруды жақсартамыз. Яғни, Түркістанның өзінде қажетті көшеттерді өсіріп, отырғызуға мүмкіндік аламыз», - дейді абаттандырушылар.