Жаңа тұрғын үй қатынастары туралы заң аясында тұрғындар мен кәсіпкерлердің мүдделері қалай қорғалмақ? Бұл сұрақты Мәжілістің пленарлық отырысында Қазақстан Халық партиясының депутаты Кенжеғұл Сейтжан көтерді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі заң жобасын талқылау барысында депутат көпқабатты үйлердің тұрғындары мен сол үйлердің аумағындағы коммерциялық нысандардың иелері мен жалға алушылары арасында жиі келіспеушіліктер туындайтынын атап өтті.
– Бұл мәселе заңда қалай реттеледі? Қазір заң жобасында тұрғындардың құқығы басымырақ қарастырылғаны байқалады, бұл – дұрыс. Бірақ, екінші жағынан, шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлер де өз қызметін жалғастыруы қажет, - деп сұрады депутат.
Заң жобасын әзірлеушілердің өкілі, депутат Екатерина Смышляева бұл мәселенің шешімі бірлескен басқару органдары – Кеңестер немесе жалпы жиналыстар арқылы қабылданатынын түсіндірді. Жалға алушылар үшін жалдау ақысы белгіленеді, ал меншік иелеріне қызмет көрсету тарифтері бекітіледі, бірақ бұл тарифтер пәтер иелерінің тарифінен екі есе артық болмауы тиіс.
– Бұл заң жобасында коммерциялық нысандарға қатысты нақты мәселелер қарастырылмаған. Егер қандай да бір ұсыныстарыңыз болса, оларды екінші оқылымға дейін талқылауға дайынбыз, - деді Смышляева.