Сауда және интеграция министрлігі тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнаманы жетілдіріп жатыр. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын жеке ережелер болады деген үміт бар.
Құжатты таныстыру барысында Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Балықпаевтың айтуынша, заңда ұсынылып отырған түзетулер бизнестің жауапкершілігін арттыруға және қазақстандық тұтынушылар құқығын қорғауға бағытталған. Тұтынушылардың сотқа шағымдану инстанцияларын жеңілдету, республикада тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтын енгізу, заңнаманы тұтынудың, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, байланыс, туризм, онлайн сауда, және т.б. саларда кеңейту ұсынылады. Сондай-ақ, кәсіпкер үшін тұтынушының пайдасына сот өндіріп алатын айыппұл түріндегі азаматтық-құқықтық жауапкершілікті енгізуді де алға тартты.
Мүгедектігі бар және басқа да әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтардың құқықтарын қорғау үшін жекелеген нормалар әлі көзделмеген, алайда бұл жұмыс процесі кезде қаралуы мүмкін.
Халықтың әлеуметтік осал топтары біз үшін барлығымен бірдей тұтынушы болып табылады, - деп атап өтті Қайрат Балықпаев. - Бізде «әлеуметтік тұтынушы» немесе «әлеуметтік қызмет тұтынушысы» спекілді санаттарды енгізу туралы ұсыныстар бар. Бірақ бұл жұмыс топтарында талқылау кезінде тағы пысықталады. Қазақстан Халық партиясынан Мәжіліс депутаты Кенжеғұл Сейтжан ұсынылған түзетулермен келіседі. Өз тарапынан «әлеуметтік тұтынушыларды» реттеу туралы нормаға бастамашы болмақ. Себебі, қазір мүмкіндігі шектеулі жандар алатын көптеген тауарлар мен қызметтердің сапасы өте төмен.
Мүгедектігі бар адамдар үшін ерекше нормалар жоқ, – деді мәжілісмен.– Бұл әсіресе әлеуметтік қызметтер порталына кіретіндерге қажет. Егер мүгедектерге қызмет көрсетілмесе немесе сәйкес келмейтін тауар ұсынылмаса, қызмет көрсетушілер төленген бағаны жүз пайыз я болмаса одан да көп мөлшерде қайтарады. Бұл норма қазір жоқ. Егер енгізіліп жатса, мұндай қадам мүгедектерге арналған тауарлар сапасына айтарлықтай арттырады.
Кенжеғұл Сейтжан бұған дейін әлеуметтік қызмет порталының жұмысын сынға алып, мүгедектерге арналған жеңілдіктерді монетизациялауды енгізуді ұсынған болатын.