
Мәжіліс депутаттардың бастамасымен әзірленген туризм туралы заңнамаға енгізілетін түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Талқылау барысында ҚХП фракциясының өкілі, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан депутаттарды инклюзивті туризм мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды.
Заң жобасының негізгі нормаларын мәжілісмен Павел Казанцев таныстырды.
– Орналастыру нысандарын, визит-орталықтарды, санаторий-курорт ұйымдарын және жол бойындағы қызмет көрсету орындарын салуға немесе қайта жөндеуге арналған қолдауға бюджет қаржысының жұмсалуын қадағалайтын нақты тетік қатар жүруі тиіс. Біз кімге, қандай шартпен және қандай нәтижемен субсидия беріліп жатқанын анық білуіміз керек. Сондай-ақ алаяқтық әрекеттерге жол берілмеуі қажет, – деді ол.
Кенжеғұл Сейтжанның айтуынша, заң жобасында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған туризм шарттары қарастырылмаған. Қазақстандағы көптеген туристік нысан ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолжетімсіз. Бұл мәселе тек көрікті жерлерге ғана емес, санаторий-курорттық емдеуге де қатысты. Күлкілі көрінгенімен, кейде мемлекет қаржысына ем қабылдауға жіберілетін санаторийлерде пандус, көтергіш құрылғы, тактильді жолақтар мен дыбыстық бағыттаушылар сияқты қажетті жабдықтар болмайды.
– Сондықтан екінші оқылымға дейін біздің түзетулерімізді ескеруді сұраймыз, – деп атап өтті депутат.
Оның айтуынша, инклюзивті туризм саласында көрсетілетін қызмет сапасына бақылау күшейтілуі тиіс. Мемлекет бұл бағытқа айтарлықтай қаржы бөліп отыр, бірақ оның нақты қайда жұмсалып жатқаны белгісіз.
– Бұл бағытта Туризм және спорт министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бірлесе отырып жүйелі жұмыс жүргізуі керек, – деді Кенжеғұл Сейтжан.
@halyk_partiyasy