ҚХП депутаты Тұрғын үй кодексін қабылдауды ұсынды

dep.jpg

Қазақстанға тұрғын үй қатынастарына арналған бірізді Кодекс керек. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі Ирина Смирнова тұрғын үй заңнамасындағы проблемаларды талқылауға арналған Қоғамдық Палата отырысында айтты.

Отырыстың модераторы, депутат Айдос Сарым тұрғын үй саласындағы жүйелі құқықтық түйткілдерді шешу үшін нақты ұсыныстар енгізуге шақырды. Ал «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоры» қоғамдық қорының президенті Зауреш Батталова құрылыс, пайдалануға беру, әлеуметтік мәселелер, қаржылық тетіктер мен цифрлық механизмдерді біріктіретін жаңа тұрғын үй саясаты туралы заң қабылдауды ұсынды.

– Заң жобасы жобалаушыдан бастап құрылысшыға, одан әрі пайдалану қызметтеріне дейінгі толық жауапкершілік тізбегін қамтуы тиіс. Бұған жөндеу және ғимараттарды айналымнан шығару мәселелері де кіруі керек, – деді ол.

Ирина Смирнова Қазақстанда бұған дейін Тұрғын үй кодексі жобасы дайындалғанын, ол көптеген қайшылықтарды жойғанын еске салды. Алайда құжат Үкіметке жіберілген соң «қажет емес» деген себеппен кері қайтарылған.

– Үкіметке бұл Кодекс қажет болмауы мүмкін, бірақ халыққа ол ауадай қажет. Жоба қолданыстағы салалық заңдарды алмастырмайды, қайта шашыраңқы нормаларды бір жүйеге келтіретін салааралық құжатқа айналдырады, – деді ол.

Смирнова Мемлекет басшысының «ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» туралы сөзін де еске салды.

– Ендеше, есеп беретін Үкіметтен сұрайын: осы құжат керек пе, жоқ па? Егер керек емес десеңіздер – неге? – деп мысқылдады депутат.

Қалалық жоспарлау және тұрғын үй-коммуналдық саясат департаментінің директоры Руслан Лепесов бұл шешім ведомствоаралық комиссия тарапынан қабылданғанын, ал қорытынды Президент Әкімшілігімен келісілгенін айтты.

– Үкіметке келген жобаны қарадық. Ол – «Тұрғын үй құрылысына жинақ ақшалары туралы», «Тұрғын үй қатынастары туралы» және «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» үш заңның жай ғана жүйелендірілген жинағы, – деді Лепесов.

Смирнова заң жобасы бойынша жұмыс бәрібір жалғасатынын атап өтті, ал Батталова осы мақсатта арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

– Бірыңғай тұрғын үй саясаты қалыптаспай, барлық тетіктер өзара үйлестірілмейінше, саланың жұмысы жетім баланың күйін кешеді, – деді қор президенті.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy