Парламенттік реформа – Президент бастамаларының заңды жалғасы

dep.jpg

Қазақстанда парламенттік реформаны әзірлеу жұмыстары белсенді түрде жалғасып жатыр. Аталған заң жобасы бойынша құрылған жұмыс тобының құрамында Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат әрі кәсіби заңгер Магеррам Магеррамов та бар.

Оның пікірінше, бұл өзгерістер еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін кешенді жаңғыртудың заңды жалғасы. Заңға енгізілетін түзетулер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айта келіп, депутат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес бұл мәселе сарапшылардың, Парламенттің және жалпы қоғамның кең талқысынан өтуі тиіс екенін еске салды.

– Қазіргі уақытта түрлі ұсыныстар жинақталып жатыр. Олар кейін жан-жақты зерделеніп, қаралады. Бұл процеске барша азаматтар тартылмақ. Президентіміз айтқандай, әділетті мемлекет құру жолында әрбір азаматтың пікірі ескерілуі керек. Бұл – аса маңызды шара, – деді Магеррамов.

Заңгер ретінде ол бұл бастамалардың ел Конституциясында бекітілген негізгі қағидаттардың жүзеге асуы екенін атап өтті.

– Конституцияда «мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешу – бүкілхалықтық дауыс беру арқылы демократиялық жолмен жүргізілуі тиіс» деген ұғым бар. Бұл – біздің ұлттық құндылықтарымыз. Ал оны жүзеге асыру Президент Тоқаевтың бастамалары арқылы орындалып келеді, – деді Мәжіліс депутаты.

Магеррамовтың айтуынша, Мемлекет басшысының барлық реформалары азаматтардың ел тағдырына қатысты шешімдер қабылдау ісіне тікелей қатысуын көздейді.

– Бүгінде бұл – ел өміріндегі нақты тәжірибеге айналды, – деді ол.

Сенатты тарату және Парламентті тек партиялық тізім арқылы жасақтау жөніндегі түпкілікті шешімді Қазақстан халқы республикалық референдум арқылы қабылдайтын болады. Бұл – бұған дейін Конституцияға өзгерістер енгізу және атом электр стансасын салу жобасы сияқты маңызды мәселелерде қолданылған тәсіл. Айта кетейік, бірпалаталы парламент құру туралы бастама бұған дейін Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасында да ұсынылған еді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy