Қазақстанда биылғы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы ретте Үкімет отырысында энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев энергетика және коммуналдық инфрақұрылымның жай-күйі туралы баяндама жасады.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, қазір Абай, Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында және Астанада жылыту маусымы басталды. Кестеге сәйкес электр станцияларындағы 5 энергоблок, 32 қазандық, 28 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар түрлі деңгейдегі 4 энергоблокта, 23 қазандықта және 16 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Электр желілері бойынша 19,9 мың км электр желісі, 376 қосалқы станция және 4046 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станциялар жөнделді. Стандарттарға сәйкес қоймаларда 5,2 миллион тонна көмір мен 88 мың тонна мазут қоры жинақталған.
Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, Қазақстанда жылыту маусымына 12 мыңнан астам автономды қазандық дайындалған. Сондай-ақ оларға қажетті мөлшерде дизель отыны, мазут, көмір әзірленген. Өңірлердегі инженерлік инфрақұрылымды жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде 536 шақырым жылу желісі және 1025 шақырым су құбыры желілері жөнделді.
«Жылу беру кезеңіне дайындық аяқталды. Енді ең бастысы – барлық жоспарланған параметрді сақтай отырып, жылыту маусымын толықтай тиісті деңгейде өткізу», - деп түйіндеді Үкімет басшысы Олжас Бектенов.
Жылу мәселесі облыс деңгейінде де талқылануда. ҚХП Абай облыстық филиалында «Жылу маусымына дайындық жұмыстары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Шараға «Теплокомуноэнерго» МКК, «Қаражыра» АҚ және мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ мәслихат депутаттары, азаматтық белсенділер мен қоғам белсенділері қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты – қазіргі жағдайдың жылыту маусымына дайындықтың бекітілген жоспарына сәйкестігін тексеру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандарының қыс мезгіліне дайындығы туралы ақпаратпен танысу.