Ұлттың тарихи-мәдени мұрасын сақтау – басты парыз

dep.jpg

Дүниежүзілік туризм күнінде Жетісу облысында туризмді дамытуға қолдау көрсеткені үшін ҚХП жергілікті филиалының басшысы Олжас Ибраимов естелік сыйлықпен марапатталды. Марапатты облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов табыстады.

Жетісу облысы – ішкі туризмнің інжу-маржанына айналуға толық мүмкіндігі бар әсем де көркем өңір. Бүгінде ҚХП белсенділері табиғатты қорғау және тарихи ескерткіштерді сақтау бағытындағы жұмыстарға зор үлес қосуда.

ҚХП жергілікті филиалы бірнеше рет өңірдегі туризмді дамытуға арналған түрлі іс-шара өткізген болатын. Мәселен, партия ұйымдастырған дөңгелек үстелдерде саланың ең өзекті мәселелері талқыланды: тозығы жеткен жолдар, туризм инфрақұрылымының төмен деңгейі, қызмет көрсету сапасы, экологиялық аймақтардағы қоқыс үйінділері және т.б. Осы мәселелерді шешу мақсатында партия мүшелері өңірлерді аралады.

Сондай-ақ филиал жергілікті экологтармен тығыз байланыста жұмыс істейді. ҚХП өкілдері табиғатты қорғау полициясымен бірлесіп орман қорына кіретін ағаштар мен бұталардың заңсыз кесілуінің немесе зақымдалуының алдын алу мақсатында рейдтерге қатысуда.

Өңірдегі петроглифтерді сақтау бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылды. Талдықорған қаласында халық арасында Қызыл тас деп аталатын аймақ және пішіні тасбақаның сауытына ұқсайтындықтан ел арасында «Тасбақа» аталып кеткен жартас бар. Бұл аймақ сақ қорғандары мен көптеген петроглифке толы. Алайда, осы тарихи-мәдени мұраның барлығы жойылып кете жаздаған еді. Себебі онда, «Темірбетон» ЖШС бірнеше жыл бойы диорит өндірумен айналысты.

«Тарихи ескерткіштер сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа берілуі тиіс», - дейді Олжас Ибраимов.

Бүгінде Тасбақа маңындағы жарылыс жұмыстары тоқтатылды және бұл ретте ҚХП өкілдерінің атқарған еңбегі орасан зор. Қазір партия мүшелері «Петроглиф аңшылары» қоғамдық қорымен, облыс белсенділерімен және тарихшылармен тығыз ынтымақтастықта.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy