Мәжілісте медицина қызметкерлерін қорғауға қатысты нормалар талқыланды

dep.jpg

Мәжілістің пленарлық отырысында ҚХП депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейітжан медицина қызметкерлеріне күш қолдануға қатысты жазаны күшейтетін түзетулер мүмкіндігі шектеулі адамдарға кері әсерін тигізуі мүмкін бе деп сұрады.

Депутат жаңа түзетулерді қолдайтынын айтты. Алайда кейде медицина қызметкерлері мүгедек адамдарға дұрыс қарамайтынын еске салды.

– Бізге мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетілетін қызметтер бойынша көптеген шағымдар түседі. Мысалы, мен тіркелген емханада кейбір медбикелер өз ауданындағы қай азаматтың мүгедектігі бар екенін білмейді, – деді ол.

Ол осы ретте нақты мысал да келтірді: егер зағип адам ашуланып, кездейсоқ дәрігерге зиян келтірсе, бұл әрекет саналы агрессия ретінде қарастырылуы мүмкін бе?

– Мысалы зағип жан сондай әрекетке баруға мәжбүр болды. Ертең осындай түсініксіз жағдайлар туындауы мүмкін бе? Мұның салдарынан «шабуыл» саны көбеймей ме? – деп сұрады депутат.

Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев мұндай жағдайлардың көбеймейтініне сендірді.

– Егер мүгедек, зағип адам кездейсоқ әрекет жасап, дәрігерге тиіскен болса, бұл аса ауыр салдарға әкелмейді. Бұған күмәнданудың қажеті жоқ, – деді ол.

Айта кетейік, Мәжіліс медицина қызметкерлеріне және жедел жәрдем бригадаларының жүргізушілеріне қызмет бабы кезінде күш қолданғандарға қарсы жазаны күшейтетін Қылмыстық кодекске түзетулер енгізген болатын.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy