Алматы облысы әкімінің орынбасары мүгедек жандар туралы айтқан сөзі үшін сынға ұшырады

dep.jpg

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Қанат Есболатов Талғар ауданында өткен денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың халықпен кездесуінде мүгедек жандарға қатысты орынсыз сөз айтып, сынға ұшырады.

Талқылау барысында ол жиналыс тәртібін сақтауды сұрап, сөз арасында: «Мүгедектерді құрметтейік, оларды Алла онсыз да жазалады», – деп айтты. Әлеуметтік желілерде бұл пікір үлкен резонанс тудырып, қоғамның қызу талқысына түсті. Кейін Есболатов жеке парақшасында кешірім сұрап, түсініктеме берді. Алайда қазақстандықтар мұндай мәлімдеменің этикалық сипаты мен оның мемлекеттік қызметші мәртебесіне қаншалықты сай келетінін қызу талқылауда Мәжілістегі ҚХП фракциясының депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан шағымдар көбейген соң, кездесудің бейнежазбасын мұқият қарап шыққанын айтты.

– Бұл – кемсітушілік сипаттағы сөз. Мүмкіндігі шектеулі адамдарды «Алла жазалаған» деу – олардың қадір-қасиетін қорлап, кемсітуші стереотиптерді күшейтеді, - деді ол.

Сейтжанның айтуынша, мұндай пайым Конституцияда бекітілген кемсітушілікке тыйым салу қағидаттарына да, Қазақстан ратификациялаған БҰҰ-ның Мүгедектердің құқықтары туралы конвенциясының талаптарына да керағар. Оның үстіне, бұл сөз министрдің қатысуымен өткен ресми жиында айтылды, бірақ Есболатовты ешкім тоқтатпаған. Депутат Алматы облысы басшылығынан және Мемлекеттік қызмет істері агенттігінен ресми мәлімдеме күтетінін, оқиғаға құқықтық баға беріліп, мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған шаралар қабылдануы тиіс екенін атап өтті.

– Мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Кемсітушілікке жол бермеу – бұл талқылауға жатпайтын міндет. Сондай-ақ шаралардың жария түрде атқарылғаны дұрыс, өйткені айтылған сөз де көпшілік алдында болды. Әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл ретінде айтарым: мұндай сөздерге жол берілмеуі тиіс, - деді Кенжеғұл Сейтжан.

Кенжеғұл Сейтжанның әріптесі, ҚХП фракциясының депутаты Ирина Смирнова да бұл жайтқа өз үнін қосты.

– Бізді Құдайдың осындай шенеуніктермен «жазалағаны» шығар!!! Өз міндетін, жауапкершілігін және ерекше қажеттілігі бар адамдарға қалай қарау керектігін түсінбейді… - деді депутат-омбудсмен.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy