Кейбір қазақстандықтарға зейнетақы төленбеуі мүмкін

dep.jpg

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында зейнетақы төлемдеріне қатысты жаңа түзетулер енгізуді ұсынып отыр. Заң жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.

Құжатқа сәйкес, өзгерістер екі санаттағы азаматтарға әсер етуі мүмкін:

тұрғылықты жері бойынша тіркеуі жоқ зейнеткерлер;

толық мемлекет қамқорындағылар (қылмыстық-атқару жүйесіндегі адамдар, қарттар үйінің тұрғындары, психоневрологиялық диспансер пациенттері).

Министрліктің есебінше, мұндай шаралар бюджет шығынын азайтуға мүмкіндік береді.

Жобаға сәйкес, тұрғылықты жерінде тіркеуі жоқ зейнеткерлер зейнетақыдан қағылуы ықтимал.

«…Зейнетақы мен жәрдемақы алушылар арасында жүргізілген мониторинг нәтижесі бойынша 100 мыңнан астам адамның тұрақты тіркеуі жоқ екені белгілі болды…», – делінген құжатта.

Мемлекет қамқорлығындағы азаматтарға төленетін төлемді де азайту ұсынылған. Шенеуніктер мұны «әлеуметтік әділеттілік» қағидасы шеңберінде қарастырып отырғанын жеткізді.

«…Жалпы, қазіргі қаржыландыру аясында толық мемлекет қамқорлығындағы және өзін-өзі қамтамасыз етіп отырған зейнеткерлер арасындағы әлеуметтік қолдау деңгейінде айырмашылық байқалады. Өзін-өзі қамтамасыз етіп отырғандар үшін азық-түлік пен күнделікті тауарлар, коммуналдық қызмет, жол ақысы және тағы басқа шығындар кейде зейнетақы мен жәрдемақы көлемінен асып түседі…», – деп жазылған құжатта.

Мәжіліс депутаты, ҚХП мүшесі Ирина Смирнова бұл ұсыныстарға қарсы пікір білдірді.

– Зейнеткер балаларымен шетелге көшіп баруы мүмкін, денсаулығына қолайлы климатты таңдауы мүмкін немесе қартайғанда саяхаттағысы келуі мүмкін. Бірақ ол азаматтың зейнеткер ретіндегі мәртебесі өзгермейді ғой. Мұндай шектеулер кемсітушілік болып саналады, – деді депутат.

Смирнованың сөзінше, көптеген елдерде қарт адамдар басқа мемлекетке қоныс аударса да, оларға тиесілі зейнетақы сақталады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy