Қазақстан Халық партиясы «Халық Үні» жобасы аясында өңірлерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар өткізуде. Партия өкілдері студенттер мен колледж оқушыларына құқықтық сауатты арттыруға арналған арнайы дәрістер мен курстар ұйымдастырды.
Шығыс Қазақстан облыстық филиалының өкілдері Д.Серікбаев атындағы Техникалық университеттің студенттерімен кездесу өткізіп, оған ШҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментінің қызметкері Венера Толбаева қатысты. Диалог алаңы барысында спикер дропперлерден қорғау жөніндегі профилактикалық шаралар, сондай-ақ вейптің зияны туралы дәріс оқыды. Сонымен қатар студенттерге тұрмыстық деңгейдегі сыбайлас жемқорлықпен күрес тәсілдері түсіндірілді.


Костанай облысындағы партия мүшелері де сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған іс-шара ұйымдастырды. Оған З.Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің студенттері мен оқытушылары, соның ішінде тәрбие ісі және қоғаммен байланыс жөніндегі проректор Нұркен Байқадамов қатысты.


– Кездесу барысында ҚХП-ның жемқорлық пен өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алуға қатысты оң тәжірибелері таныстырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы өзгерістер түсіндіріліп, қатысушыларға арнайы бейнеролик көрсетілді, – деді партия өкілдері.

Костанай филиалының бұл оқу орнымен ынтымақтастығы алдағы уақытта да жалғасады. Партия өкілдері жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған профилактикалық жұмысты одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр. Болашақта ұйымдар өзара әріптестік туралы меморандум жасаспақ.
@halyk_partiyasy