Құқықтық сауатты арттыру

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы Бас прокуратураның мектеп бағдарламасына «Заң және тәртіп» атты жаңа пән енгізу туралы бастамасын қолдайды. Бұл курс оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға және елдегі қолданыстағы заңнамадан хабардан етуге бағытталады.

ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістегі заңнама және құқықтық реформа комитетінің хатшысы, кәсіби заңгер, депутат Магеррам Магеррамов бұл пәнді мектепте 5-сыныптан бастап оқыту қажет деп санайды.

– Мен халықтың құқықтық сауатын арттыру керек екенін көп жылдан бері айтып келемін. Бұл істі мектеп қабырғасынан бастау керек. Оқушыларға заң негіздерін үйреткен дұрыс. Сонымен қатар, бұл пәнді тек жоғары заң білімі бар мамандары ғана оқытуы тиіс, – деді депутат.

Депутат бұл пән аясында тәжірибелі адвокаттар, заң кеңесшілері, судьялар мен прокурорлардан құралған арнайы мамандар тобына әлеуметтік жүк артуға болатынын атап өтті. Олар оқушыларға тек теориялық білім ғана емес, практикалық тұрғыда да бағыт-бағдар бере алады.

Мұндай сабақтарды тәжірибелі заңгерлер мен ішкі істер органдарының ардагерлерінің өткізуі туралы ұсынысты осы бастаманы көтерген Бас прокурор Берік Асылов та қолдайды.

– Олар (заңгерлер – авт.) тек біліммен ғана емес, өмірлік тәжірибесімен де бөлісе алар еді. Жасөспірім заңның мәнін түсінсе, ол қорықпайды, қайта дұрыс жолды таңдайды, – деді Бас прокурор.

Сонымен қатар, Асылов әділетті қоғам құру үшін тәрбиенің дұрыстығы мен заңдарды білудің маңызына тоқталды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy