Қарағандыда балаларға арналған паравелоспорт бөлімі ашылады

dep.jpg

Мәжіліс депутаты, ҚХП өкілі, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл, Қазақстан паравелоспорт федерациясының басшысы Кенжеғұл Сейітжан жұмыс сапарымен Қарағандыдағы ерекше білім беруді қажет ететін көру қабілеті нашар балаларға арналған №1 арнайы мектепке барды.

Мәжілісмен бұл сапардың бірнеше маңызды тұсы барын атап өтті: балаларды Халықаралық балалар күнімен құттықтау, Алматы облысында өткен жастар чемпионатында 2-орын алған оқушыға алғыс айту және ең бастысы – мектеп жанынан паравелоспорт бөлімін ашу туралы бастама көтеру.

– Паравелоспорт федерациясы атынан мектепке арнайы жаттығу станогы мен велосипед сыйға тартамыз. Бұл балалар толыққанды жаттығуға кірісуге мүмкіндік береді. Осылайша олар үлкен спортқа қадам басуы да мүмкін, – деді ол.

Сонымен қатар депутат Қарағанды облысының әкіміне хат жолдап, облыстық мүмкіндігі шектеулі жандар клубы жанынан паравелоспорттың арнайы бөлімшесін ашуды ұсынды. Бұл келешекте балаларға кәсіби тұрғыда дамуға мүмкіндік бермек.

– Біз жаңа байланыстар орнатып, дамуды жалғастырып, алға жылжып келеміз. Әрі қарай да ерекше қолдауды қажет ететін балалардың игілігі үшін жұмысты жалғастыра береміз, – деп түйіндеді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy