Астанада жұмыс уақыты өзгереді

dep.jpg

Астана әкімдігі Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі Асылбек Нұралин ұсынған бастаманы қолдады. Қалада 15 қыркүйектен бастап жаңа жұмыс кестесі енгізілмек.

Қазіргі таңда елордада, өзге мегаполистер сияқты, жол-көлік жүктемесі артып отыр. Мәжіліс депутаты қаладағы бірқатар мекемелердің жұмыс уақытын өзгерту арқылы көлік қозғалысын едәуір жеңілдетуге болатынын айтқан еді. Ресми мәліметке сәйкес, күн сайын Астанада 500 мыңнан астам автокөлік қатынайды.

– Қаланың жедел қарқынмен өсуі, аумақтың кеңеюі, жүйесіз урбанизация және маятниктік көші-қон көлік жүйесінің тиімділігіне әсерін тигізіп отыр. Қала маңынан келетін күнделікті көлік легі негізгі магистральдарға ауыр салмақ түсіріп, тұрақты кептеліс туындатып, қоғамдық көліктің қозғалысына кедергі келтіруде, – деді Нұралин.

Депутаттың пікірінше, Астанадағы жұмыс күшінің жартысынан көбі мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда еңбек етеді. Сондықтан осы санаттағы мекемелердің жұмыс уақытын өзгертуді ұсынды.

– Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, мұндай шара жолдағы ең жоғары жүктемені едәуір азайта алады, – деді ол.

Әкімдік бастаманы қолдап, нақты өзгерістерді жариялады.

«Коммуналдық қызметтердің жұмыс күні таңғы 7:30-дан басталады. Әкімдік қызметі де осы уақытта жұмысқа кіріседі. Бірқатар мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік компаниялардың жұмыс күні 7:30 бен 8:00 аралығында басталмақ. Сәйкесінше, жұмыс уақытының аяқталуы да ертерек болады», – деп хабарлады әкімдік.

Ал жекеменшік ұйымдар мен бизнес нысандарының, мектептер мен балабақшалардың, ауруханалар мен емханалардың, ХҚКО және өзге әлеуметтік мекемелердің жұмыс тәртібі өзгермейді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy