
Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжілістің сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов «24.KZ» арнасының NewsTalk бағдарламасына сұхбат берді. Бағдарламада алимент төлемеуге қатысты мәселе көтерілді. Статистикаға сәйкес, елімізде жарты миллионнан астам бала тиесілі алиментін ала алмай жүр. Ал жалпы қарыз көлемі 90 миллиард теңгеден асып кеткен.
Магеррамовтың айтуынша, алимент бойынша берешек қоғамда бұрыннан қордаланған үлкен проблемаға айналған.
– Негізгі қаржылай қолдауды ала алмаған балалар кедейлікке тап болады, білім мен медициналық қызметке және өзге де мүмкіндіктерге қол жеткізе алмайды. Сөйтіп, қоғамда әлеуметтік тұрғыда әлсіз, өмірге бейімделмеген ересектер өсіп шығады, – деді депутат.
Бұл мәселені Қазақстан Халық партиясы 2016 жылдан бері көтеріп келеді. Ол кезде берешек көлемі шамамен 2 миллиард теңге еді. Соның өзі үлкен сома саналатын. Сол тұста Мәжілістегі ҚХП фракциясы жеке сот орындаушыларының жұмысын талқылау үшін Үкімет сағатын ұйымдастырған еді.
– Өзгерістер болады деген уәделер берілді. «Алимент төлемеуге қарсы 30 қадам» бағдарламасы қабылданды, жеке сот орындаушылары палатасының жанынан әлеуметтік қор құрылды. Бірақ бұлардың ешқайсысы нәтиже берген жоқ. Керісінше, қарыз көлемі жыл сайын артып келеді, – деді Магеррамов.
Оның сөзінше, заңнамадағы олқылықтар да мәселені ушықтырып отыр. Мәселен, алиментті мүлде төлемегендер ғана борышкер ретінде саналады. Егер бір айда әлгі ата-ана балаға мың теңге ғана аударса да, ол жауапкершіліктен құтылады. Ал оның миллиондап қарызы болса да, заң жүзінде айыпқа тарту мүмкін емес. Сондай-ақ мемлекеттік органдардың өзара ықпалдастығы әлсіз – ІІМ мен жеке сот орындаушылары арасында байланыс жоқ, борышкерлердің табысын, шоттары мен мүлкін көрсететін бірыңғай база жасалмаған. Шетелге шығуға тыйым салу, ата-ана құқығынан айыру секілді шаралар да тиімді болмай отыр. Бұдан бөлек, кейбір жұмыс берушілер де борышкерлерді қолдап, олардың нақты табысын қағаз жүзінде төмендетіп көрсетеді.
ҚХП еуропалық тәжірибені қолдануды ұсынып отыр – яғни мемлекеттік Алимент қорын құру қажет. Бұл қор бюджеттен тыс түсімдерден толығып, сол жерден баланы асырауға қаржы төленеді. Кейін мемлекет әлгі соманы борышкер ата-анадан регресс тәртібімен өндіріп алмақ.
– Қазіргі қарыз көлемін мемлекеттің араласуынсыз өндіру мүмкін емес, – деп түйіндеді Магеррамов.
@halyk_partiyasy