Қазақстан Халық партиясының басшылығы «Си Цзиньпиннің экологиялық өркениет туралы идеялары және қытайлық жаңғыру» тақырыбындағы таныстырылымға қатысты. Іс-шара Қытай Халық Республикасынан келген делегацияның Қазақстанға сапары аясында өтті. Делегацияны Қытай Коммунистік партиясының Цинхай провинциялық комитетінің хатшысы У Сяоцзюнь бастап келді.
Алдымен ҚХП өкілдері мен өзге де партия мүшелері «Тау мен өзеннің қайнары – әсем Цинхай» атты фотокөрмені тамашалап, провинцияның қолданбалы өнерімен және дәстүрлі қолөнерімен танысты.
Келесі бөлімде У Сяоцзюнь ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің экологиялық өркениет жөніндегі тұжырымдамасын таныстырды. Оның айтуынша, қазіргі Қытайдың саясаты – антропогендік факторлардың зиянын азайтуға, үйлесімді даму мен табиғат пен адамның жарасымды өмір сүруіне бағытталған. Бұл концепцияның басты қағидасы – экологиясы дамымаған жерде өркениет те өркендемейді. Яғни таза су мен ауа, орман-тоғай мен таулар – баға жетпес қазына, ал оларды қорғау үшін жер бетіндегі барлық халық күш біріктіруі тиіс.
– Өркениеттің дамуы мен қоршаған ортаны сақтаудың арасындағы қайшылықтарды шешу қажет, – деді Цинхай провинциясы партия комитетінің хатшысы.
Қазір Қытайда жаңа үлгідегі қорғалатын аймақтар құрылуда, оның негізін ұлттық парктер мен қорықтар құрайды. «Жасыл белдеулерді» қалпына келтіру және орманды көбейту жобалары іске асырылып жатыр. Қалалар көгалдандырылып, урбанизация барысында экологиялық стандарттар сақталуда. Жойылып бара жатқан жануарлар түрлері қайта көбейтілуде. Әрбір провинцияда су көздері мен өзен арналарына қатаң бақылау жүргізіледі. Шөлейттенуге қарсы іс-шаралар қолға алынған. Сонымен қатар экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамытуға, экотуризмді өркендетуге және «жасыл энергияға» көшуге айрықша назар аударылуда. Табиғатты қорғау саласындағы заңнама да жетілдіріліп келеді.
– Қазақстандық әріптестерімізбен бірге «жасыл» ынтымақтастықтың жаңа парағын ашуға дайынбыз. Экологиялық таза технологияларды дамытуда ауқымды мүмкіндіктеріміз бар, – деп түйіндеді У Сяоцзюнь.
Қазақстан Халық партиясының төрағасы Ермұхамет Ертісбаев Қытайдың экологиялық доктринасына жоғары баға берді. Ол өкінішпен, елімізде кейбір әкімдердің қысқа мерзімді пайда үшін табиғаттың қайталанбас байлығын құртып жатқанын атап өтті. Ертісбаев «AMANAT» пен «Байтақ» партияларын осындай тұтынушылық көзқарасқа қарсы бірлесіп әрекет етуге шақырды.

– Бізге экологиялық қарсылық қозғалысын ұйымдастыру қажет. Бұл – біздің өміріміз, балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы!, – деді ҚХП төрағасы.
Сонымен қатар Ермұхамет Ертісбаев қазақстандықтар арасында экологиялық мәдениетті дамыту жоспарын әзірлеуді ұсынды.
– Экологиялық ойлау жүйесін қалыптастыру мен экологиялық ағартушылықты мектепке дейінгі жастан бастап білім беру бағдарламасына енгізу керек. Уақыт өте келе біз де Қытай секілді өркениет пен табиғаттың үйлесімді қатар дамуын басты идеологиямызға айналдырамыз деп сенемін, – деп қорытындылады Ертісбаев.
@halyk_partiyasy