Тең құқықтық негіздегі әріптестік

dep.jpg

Қазақстан мен Түрікменстан инвестицияларды өзара қорғау туралы келісімге келді. Тиісті үкіметаралық келісім Мәжілістің пленарлық отырысында ратификацияланды. Құжаттың мақсаты – инвестициялық қызметке қолайлы жағдай жасау, тікелей шетелдік инвестициялар ағынын ынталандыру және екі елдің экономикалық әл-ауқатын арттыру.

Келісімде көрсетілгендей, тараптардың кез келген инвесторы жүзеге асырған инвестициялар екінші мемлекеттің аумағында тең және әділ тәртіппен қорғалып, толық қауіпсіздікпен қамтамасыз етіледі. Әр тарап өз аумағында екінші тараптың инвесторларына кем дегенде өз инвесторларына көрсетілетін деңгейден төмен емес қолайлы жағдай ұсынуға міндеттенеді. Ал тараптар арасындағы кез келген инвестициялық даулар, мүмкіндігінше, бейбіт жолмен шешілуі тиіс.

ҚХП парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов аталған келісімнің екі мемлекет арасындағы экономикалық ынтымақтастық пен стратегиялық әріптестікті дамытуға тың мүмкіндіктер ашатынын атап өтті.

– Құжат бірлескен жобаларды дамытуға және бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Ол экономикалық интеграцияны тереңдету мен прогреске жәрдемдесуге арналған ортақ күш-жігерімізді көрсетеді, – деді Мәжіліс депутаты.

Келісім аясында энергетика саласындағы ынтымақтастықты кеңейту басым бағыт ретінде айқындалды. Қазақстан Түрікменстанның газ-конденсат кен орындарын игеру жобаларына және құбыр инфрақұрылымын кеңейтуге белсенді қатысуды жоспарлап отыр.

– Тараптар бірлесіп транзиттік-көліктік байланысты дамыту үшін қолайлы жағдай жасап отыр. Осы негізде екі ел аумағындағы жүк тасымалының тұрақты өсуі байқалады, – деді Магеррамов.

Құжат Мәжілісте мақұлданып, Парламент Сенатына жолданды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy