
Қазақстан Халық партиясының парламентік фракциясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауына арналған жиын өткізді.
Фракция жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамовтың айтуынша, бұл Жолдау – Президент ұстанып келе жатқан реформалар бағытының заңды жалғасы. Әсіресе, «Заң және тәртіп» тұжырымдамасына айрықша мән берілген.
– Әділетті қоғам мен тұрақты мемлекетті қалыптастырудың ең тиімді жолы – әр азаматтың бойына мәдениеттілік, тәртіп пен отаншылдық қасиеттерді сіңіру. Тек осы құндылықтар ғана «Заң және тәртіп» қағидатын берік негізге айналдыра алады, – деді депутат.
Жиында халықаралық жағдайға қатысты Мемлекет басшысының ұстанымы да сөз болды. Президент БҰҰ-ның жаһандық саясаттағы жетекші рөлін атап өтіп, ұйым жүйесін заманауи талаптарға сай реформалау қажеттігіне назар аударған. Бұл ретте Қазақстан да бұл процестен тыс қалмауы тиіс.
– Қазіргі таңда әлемде қайшылықтар ушығып барады. Жаңа әлемдік тәртіп қалыптасып жатқаны белгілі. Мұндай жағдайда еліміздің ішкі саяси-экономикалық тұрақтылығын сақтау – басты міндеттердің бірі, – деді Магеррамов.
Сонымен қатар, ол Қазақстанның әрдайым бейбітшілік пен достықты басты бағдар етіп келе жатқанын ерекше атап өтті.
– Ел ішіндегі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, бейбіт бастамаларды қолдау – бүкіл өңірдің қауіпсіздігіне ықпал етеді. Ұлт бірлігі – біздің басты байлығымыз. Осы құндылықты сақтау – болашақтың берік іргетасы, – деп түйіндеді партия өкілі.
@halyk_partiyasy