Мәжілістегі Қазақстан халық партиясы фракциясының депутаты Асылбек Нұралин елімізде қоғамдық көлік жүргізушілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет деп санайды. Бүгінде бұл жағдай әлі де толығымен шешілмегені белгілі.
– Қала көшелерінде автобус жүргізушілеріне жасалатын шабуылдар қауіпті үрдіске айналып барады. Бұл мәселе тек жүргізушілердің ғана емес, жолаушылардың да қауіпсіздігіне қатер төндіреді, - деп атап өтті депутат.
Мұндай оқиғалардың мысалы жетіп артылады. Жақында ғана Астанада жүргізушіге бұрыш балонын қолданып шабуыл жасалды. Алматыда бір жолаушы жүргізушіге жолақы төлеуді талап еткені үшін шабуыл жасады, ал кейін үш ер адам автобус жүргізушісін соққыға жықты. Ақтауда да жүргізушіге шабуыл жасау ісі тіркелді.
– Алматыда әйел жүргізушіге жасалған шабуылды бәріміздің есімізде, бұл оқиға аялдамада тұрған жолаушылардың қазасына алып келген болатын, – деді Нұралин.
ҚХП фракциясы қоғамдық көліктердің салонында жабық кабиналар мен бейнемониторинг камераларын орнатуды міндетті түрде енгізу қажет деп есептейді. Сонымен қатар, партия мүшелері Жұмысшы мамандықтар жылы аясында автобус парктерінің жүргізушілерге қолайсыз жерде орналасуы мәселесіне тоқталып, автобус бұзылған жағдайда оның ақысын жүргізушілерге өз қалтасынан төлеуге мәжбүр ететін фактілермен күресу керек деп санайды.
– Қоғамдық көлік жүргізушілері – бұл жұмысшы мамандықтарының өкілдері. Олар тау-кен жұмысшылары, металлургтер, мұнайшылар, құрылысшылар, энергетиктер және басқа да нақты секторда еңбек ететін мамандармен тең. Біздің ортақ міндетіміз – ел болашағына инвестиция ретінде жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, - деді Нұралин.