Инклюзивті сайлау – қоғамның дамуының көрінісі

Мәжіліс депутаты, ҚР Президенті жанындағы әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан Орталық сайлау комиссиясының мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты.

Отырыс барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров инклюзивтілік пен сайлаушылардың тең құқығы – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті.

– Тиімді ынтымақтастық арқасында біз шын мәнінде қолжетімді әрі инклюзивті сайлау жүйесін қалыптастыруға нақты қадам жасап жатырмыз, – деді ол.

Әбдіровтің айтуынша, бүгінде әртүрлі деңгейдегі сайлауда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қатысуына барлық жағдай жасалуда. Көзі нашар көретін азаматтарға арнайы трафареттері бар бюллетеньдер дайындалып, дауыс беру рәсімдерін түсіндіретін аудиоматериалдар әзірленуде. Сайлау кабинкалары мүгедектер арбасымен кіруге ыңғайлы болатындай бейімделуде. Өздігінен қозғалуы шектеулі азаматтарға арналған инватакси қызметі де қолжетімді. Сондай-ақ, сайлау учаскелері туралы ақпараттың ашықтығын және қолжетімділігін арттыру мақсатында inva.gov.kz порталының кезең-кезеңімен цифрландыру жұмыстары жүргізілуде.

1

– Инклюзивті сайлау – жай ғана қолайлылық мәселесі емес. Бұл әр адамның дауысы маңызды, барлық азаматтың сайлауға қатысу мүмкіндігі тең болатын қоғамның көрінісі, - деді Кенжеғұл Сейтжан.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясы мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі алдағы жұмыстарды айқындайтын Жол картасы қабылданды.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy