Ортақ құндылықтар – жаһандық қауіпсіздіктің кепілі

dep.jpg

Мәдениет пен діндер арасындағы диалог жаһандық қауіпсіздіктің тірегіне айналуы тиіс. Бұл процесте заманауи, прогрессивті жастардың рөлі зор. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінде «Діндер диалогы: болашақ жолындағы синергия» атты баяндамасында айтты.

Қазақстан Халық партиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты, партияның «JAS ORTA» жастар қанатының жетекшісі Ислам Сұңқар осы көзқараспен толық келісетінін жеткізді.

– Президент негізгі діни дәстүрлердің барлығы ортақ гуманистік құндылықтарды – ізгілік, әділдік, жанашырлық пен бейбітсүйгіштікті дәріптейтінін атап өтті. Бұл құндылықтар соғыс пен қақтығыстың баламасы ретінде ұсынылып, әлемдегі жалпы шиеленісті азайтуға ықпал ете алады, – деді депутат.

Ислам Сұңқардың айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев мұндай диалогтағы жастардың ерекше рөлін жоғары бағалады. Президенттің сөзіне сүйенсек, жаңа буын барлық дін мен мәдениет өкілдеріне өзара құрметпен, ізетпен қарай білетін деңгейде қалыптасуы қажет.

– Қазіргі жастардың алдында сан алуан сын-қатер тұр. Жастардың сенімі мен дүниетанымы әртүрлі болғанымен, оларды мазалайтын мәселелер ортақ. Демек, бұл түйткілдерді бірге шешудің жолын іздеуіміз керек, – деп нақтылады депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy