Мәжіліс депутаты, ҚХП фракциясының мүшесі, Президент жанындағы әлеуметтік тұрғыдан осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл, голболдан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы әрі Астана қаласының голбол федерациясының жетекшісі Кенжеғұл Сейтжан Дубайда өткен V Азия жасөспірімдер параойындарында жеңіске жеткен ұлттық голбол құрамасын құттықтады.
— Голболдан алған алтын медаль — бұл жай ғана спорттық жетістік емес. Бұл рухтың күшін, командалық бірліктің және әр адамның мүмкіндігіне деген сенімнің нәтижесі, – деді депутат-омбудсмен.
Сондай-ақ Кенжеғұл Сейтжан осы жеңіске үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға алғыс білдірді. Атап айтқанда, параспортты жүйелі әрі тұрақты түрде дамытуға күш салып келе жатқан ҚР Ұлттық паралимпиада комитетіне, инклюзивті орта қалыптастыру мен спортшыларды қолдауға үлес қосқан Әлеуметтік инклюзивті бағдарламалар орталығына, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған Алматы, Қарағанды және Шымкент клубтарына балалар мен жастармен күнделікті, табанды жұмыс жүргізіп, спортшыларды дайындап, олардың әлеуетіне сенім артқандары үшін ризашылығын жеткізді.
— Сонымен қатар аты жөнін атамасам да команданы қолдап, бірақ көпшілікке жарияламауды жөн көрген ұйымдар мен серіктестерге, жекелегер азаматтарға да ерекше алғыс айтамын. Сіздердің үлестеріңіз бізге мәлім және оны жоғары бағалаймыз, – деді Кенжеғұл Сейтжан.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы барлығы 68 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола бар. Жалпыкомандалық есепте ел құрамасы 45 мемлекеттің арасынан бесінші орынға тұрақтады. Кенжеғұл Сейтжанның пікірінше, мұндай жоғары нәтиже — инклюзияның, кәсіби қолдаудың және тең мүмкіндіктің нақты жеміс беретінін айқын дәлелдейді.
— Командамызды мақтан тұтамын! Елімізді мақтан тұтамын! — деп түйіндеді ол.
@halyk_partiyasy