Ветеринария саласында салғырттық танытуға болмайды

dep.jpg

Атырау облысында үй жануарларынан бруцеллез ауруы анықталды. Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, 450 үй жануары ауруға шалдыққан: сиыр, қой және түйе. Әзірге ауру адамдар арасында тіркелген жоқ.

Бруцеллез ошақтары Атырау облысының Индер және Құрманғазы аудандарында анықталды. Жергілікті ветеринарлық қызметтер қажетті шектеу және карантиндік шараларды енгізуде. Аталған шараларға сәйкес, жануарларды сол ауылдардан басқа елді мекендерге шығаруға тыйым салынады.

Биыл облыста жоспарлы іс-шараларға сәйкес ауыл шаруашылығы жануарлары 11 түрлі аса қауіпті ауруларға қарсы 3 миллион 551 мың 758 доза вакцина алды.

– Бруцеллезге 1 миллион 50 мың 940 қан сынамасы алынды. Ауру жануарлардың иелеріне жергілікті бюджеттен тиісті өтемақы төленді, – делінген Ауыл шаруашылығы ведомствосының хабарламасында.

Бұған дейін бруцеллездің өршуі Қарағанды облысында тіркелген еді. Салдарынан, сегіз ауылда карантиндік шектеулер енгізілді.

Қазақстан халық партиясының депутаты, Мәжілістегі Аграрлық комитеттің өкілі Ислам Сұңқар Қазақстанда бруцеллез дертінің жиілеуіе ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзектілігін жоғалтқан ережелермен байланыстырады.

– Аталған ережелерге сәйкес, бруцеллезге қан анализі жануар бір жасқа толғанда жүргізіледі. Ал бұл – кеш. Ерте кезеңдерде мұндай мал инфекцияны таратушы саналады, – дейді депутат.

Ислам Сұңқардың пікірінше, еліміздегі ветеринариялық ережелерді өзгерту қажет, ал малдан қан алу процесі жануарлар 4 айға толғанда басталуы тиіс.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy