Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов «Хо Ши Мин: Дүниежүзі халықтары арасындағы халықаралық достықты қалыптастырушы» атты халықаралық семинарға қатысты.
Бұған дейін Қазақстан республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты мен Вьетнам Социалистік республикасының Хо Ши Мин Ұлттық саяси академиясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.
«Менің ойымша, бұл маңызды оқиға. Жақында біз олардың геосаяси, экономикалық және әлеуметтік тенденцияларды талдау, ғылыми білім алмасу және тағы да басқа салалардағы бірлескен жұмысын көретінімізге сенімдімін», - деп атап өтті депутат.
Вьетнам делегациясы қатысушылардың саны жағынан да, мәртебесі жағынан да өте жоғары болды. Оны Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, доктор Нгуен Суан Тханг басқарды. Магеррам Магеррамов халықаралық семинар барысында «Қазақстан мен Вьетнам арасындағы әріптестік: екіжақты байланыстарды дамыту және нығайту векторлары» тақырыбындағы тақырыптық пікірталаста баяндамашылардың бірі ретінде сөз сөйледі.
«Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды серіктесі. Сондықтан біз парламентаралық және партияаралық ынтымақтастығымызды дамытуға үлкен мән береміз. Мұндай кездесулер екі ел арасындағы екіжақты қарым-қатынасты дамытуға ықпал етеді», - деп түйіндеді Магеррамов.