Бейбіт диалог – халықаралық қатынастардың негізі

dep.jpg

Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ-қа сапары аясында БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясындағы Жалпы пікірсайысқа қатысып, қазіргі әлемдік даму үдерістеріне жан-жақты талдау жасады. Өз сөзінде Мемлекет басшысы қазіргі заманның күрделі, көпқырлы және қарама-қайшылыққа толы екенін атап өтті. Дегенмен, текетірес пен әскери қақтығысқа құрылған саясаттың болашағы жоқ екенін де ашық айтты.

Президенттің бұл мәлімдемесіне қатысты пікір білдірген Мәжіліс депутаты, Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Мәжілістегі Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы Магеррам Магеррамов Тоқаевтың ұстанымын толық қолдайтынын жеткізді.

– Мемлекет басшысы әлемнің көз ілеспес жылдамдықпен өзгеріп жатқанын орынды атап өтті. Сондықтан біз өткенге байланып қалмауымыз керек. Өйткені болашақтың сын-қатерлеріне кешегі күннің жауаптары сай келмейді. Осыны басқа елдердің басшылары да терең түсінсе екен деген тілегім бар, – деді Магеррамов.

Магеррамовтың айтуынша, Қазақстан халықаралық жағдайды оң бағытқа өзгертуге өз тарапынан бар күшін салуға дайын. Президенттің әскери қақтығыстар арқылы ешбір мәселені шешуге болмайтынын ерекше атап өтуі – маңызды әрі уақытылы айтылған ой.

– Бүгінде ядролық қару қоры шектен тыс көбейген шақта, әлем қауымдастығы соғыс қаупімен өмір сүруді доғарып, бір-бірімен өркениетті, бейбіт жолмен тіл табысудың амалдарын қарастыруы қажет. Қорқыту мен күш көрсетуге негізделген саясат тарих қойнауына кетуі тиіс. Сол сияқты, сырттан бір елге өзінің өмір сүру салтын немесе әлеуметтік моделін күшпен таңуға тырысу да – жарамсыз тәсіл, – деді депутат.

Бүгінгі күрделі геосаяси жағдайда Қазақстан халықаралық қауымдастыққа өзара тиімді әріптестік пен сындарлы диалогты ұсынады.

– Егемендік пен тәуелсіздік, тең құқық пен ішкі істерге араласпау – бұл барша мемлекет үшін ортақ әрі бұлжымас қағида болуы қажет. Елдер арасындағы кез келген қарым-қатынастың негізі – өзара құрмет пен ашық диалог болуы тиіс, – деп қорытындылады депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy