Мәселе көп – шешім аз

dep.jpg

Мәжіліс 2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын талқылап жатыр. Қазіргі уақытта құжат жұмыс топтарында қаралуда. Бұл процеске Қазақстан Халық партиясы фракциясының депутаттары да белсенді қатысып келеді.

Жуырда бюджет бойынша жұмыс тобының отырысында Су ресурстары және ирригация министрлігі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдері баяндама жасады.

– Екі жақта да мәселе жетерлік! – деп сыни пікір білдірді ҚХП депутаты Ирина Смирнова.

Ол Алматы облысындағы Талғар, Жамбыл және Іле аудандарындағы суару жүйелерінің жағдайын бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Аталған аудандардағы су арналарын қайта жаңғырту үшін бұрын да қаражат бөлінген болатын. Алайда, жағдай жақсарудың орнына ушығып кеткен. Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер шығынға батып, егін су тапшылығынан қурап жатыр.

Тағы бір өзекті мәселе – Сорбұлақ су қоймасының жағдайы.

– Бұл жерге Алматы қаласының бүкіл кәріз суы ағып келеді. 60 жылдан асты! Су қоймасы бастапқыда 1 миллион халқы бар қала үшін есептелген еді. Ал қазір қала халқы үш миллионға жетті! Бұл нысанды кешіктірмей күрделі жөндеуден өткізу қажет еді! – деді Смирнова.

Мемлекеттік органдар бұл жұмыстарға қажетті қаржы келесі жылы бөлінетінін хабарлады. Ал басқа мәселелер бойынша депутат министрліктерден ресми жазбаша жауап күтеді.

Смирнова жағдайдың оңалуы цифрлық валютаның енгізілуімен байланысты деп есептейді. Бұл туралы Қаржы және бюджет комитетінің отырысында сөз болды.

– Цифрлық валютаның енгізілуі бюджет қаражатын ұрлау мүмкіндігін жояды немесе тым құрығанда қиындық тудырады. Қаржы айналымы ашық болады, ештеңе жасыра алмайсың. Сол кезде бюджет те тиімді болар деп үміттенемін. Бұл күн алыс емес, - деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy