Балаларға арналған паллиативтік көмек жобасы тоқтап тұр

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы фракциясы тағы да балаларға арналған паллиативтік көмек пен осы саладағы мамандардың, әсіресе балалар анестезиологтары мен реаниматологтарының жетіспеушілігі мәселесін көтерді.

Депутаттардың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі балаларға паллиативтік медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру стандарты жобасын әзірлеу бастамасын қолдағанымен, бұл жұмыс шамамен бір жылға жуық уақыт тоқтап тұр. Өйткені әр күнің кідіріс – ауыр дертпен арпалысып жатқан балалардың жан азабын ұлғайта береді.

Сонымен қатар, бүгінде балаларды емдейтін дәрігерлерді даярлау ісі де өзекті болып отыр. Осы орайда депутаттар елордадағы «Астана медицина университетінің» балалар анестезиологиясы, реанимациясы және шұғыл медициналық көмек кафедрасының жабылуын түсініксіз шешім деп бағалады. Бұл мәселелерді Мәжіліс депутаты, ҚХП өкілі Ирина Смирнова денсаулық сақтау туралы заңнамаға енгізілетін өзгерістерді талқылау барысында көтерді.

– Балаларға паллиативтік көмек көрсету стандарттарын қашан бекітесіздер? Сондай-ақ, сіздер мамандарды дайындауда ғылыми тәсілдерді қолданамыз деп отырсыздар. Ал дәл сол уақытта Астана университетіндегідей тұтас мамандандырылған кафедралар жабылып жатыр. Бұл екі мәселе бір-бірімен қалай үйлеседі? – деп сұрады ол Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтен.

Тимур Сұлтанғазиев өз кезегінде балаларға паллиативтік көмек көрсету стандартын әзірлеу жұмысы жаңа заң жобасы аясында қарастырылып отырғанын айтты. Ал жеке кафедралардың құрылымын реттеу мәселесі заң деңгейінде қаралмайтынын жеткізді.

– Мен «Астана» медицина университетіндегі жағдайдан хабардармын. Онда оқытушылар санының аздығына байланысты жеке кафедра ұстаудың қажеттілігі болмаған. Сол себепті оны анестезиология және реаниматология кафедрасына біріктірдік. Бұл – ресурстарды тиімді пайдалану үшін жасалған қадам, – деді вице-министр.

Алайда мұндай жауап депутатты қанағаттандырмады. Ирина Смирнова бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі дәл осылай педиатрия бағытын да біріктіріп жібергенін еске салды. Ал оның салдарынан елдегі балалар дәрігерлерінің тапшылығы әлі күнге дейін шешілмей отыр.

– Дәл сол жағдай қайталанып кетпесе екен деймін. Біз профессорлық-оқытушылық құрамды қалай тиімді пайдаланамыз деп ойлаймыз, ал іс жүзінде елге осындай арнайы бағыттағы мамандар ауадай қажет екенін ұмытып кетеміз. Ал олар бізге шынымен керек! – деді депутат.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy