Қазақстан Халық партиясының Мәжілістегі фракциясы Парламентаризм институтының өкілдері және сарапшылармен бірлесіп көшпелі жиын өткізді. Басқосуда талқыланған негізгі тақырып – «Кооперативтер туралы» жаңа заң жобасы болды. Депутаттар мен сарапшылар кооперативтер қызметін реттеуге бағытталған мемлекеттік саясатты барынша тиімді және сындарлы ету үшін ортақ құқықтық ұстанымды қалыптастыруды көздеп отыр.
Фракция жетекшісі, Мәжілістің заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамовтың айтуынша, мұндай кездесулер ашықтықтың, диалог пен жауапкершіліктің көрінісі.
– Бұл ретте депутаттық фракциялар маңызды рөл атқарады. Олар сайлаушылардың мүддесін білдіріп қана қоймай, заңнамалық бастамаларды әзірлеу мен ілгерілетуге де ат салысады, – деді мәжілісмен.
Өз кезегінде Парламентаризм институты құқықтық, сараптамалық және аналитикалық қолдау көрсетіп, мүдделер тепе-теңдігі мен құқықтық реализмге негізделген тұрақты заңнамалық базаның қалыптасуына ықпал етеді. Институттың Жеке құқық орталығының жетекшісі Юлия Костяная заң жобасының тұжырымдамасын таныстырып, кейін құжат талқылауға салынды.
Талқылау барысында Магеррамов заң жобасындағы маңызды мәселелердің бірі – тұтыну кооперативтері мен қаржылық пирамидалар арасындағы айырмашылыққа назар аударды. Бұған дейін ҚХП осы екеуін нақты ажыратуды ұсынған, алайда бұл бастама қолдау таппаған.
– Егер терминологияға назар аударсаңыздар, бұл екеуінің аражігін ажырату оңай емес. Бізде тұтыну кооперативтері құрылып жатқанда, олар өздері де байқамай, сол шектеуден асып кетіп, ақырында қаржы пирамидасына айналып кетеді, – деді Магеррамов.
Кооперативтер тақырыбы – Қазақстан Халық партиясы үшін аса маңызды және өзекті мәселе.
– Біздің бағдарламамыздағы басты басымдықтардың бірі – халықтың өмір сүру сапасын арттыру арқылы кедейлікпен күресу. Ал кооперативтер – бұл мәселені шешудің, кедейлікті жеңудің нақты тетігі, тиімді институты деп санаймыз, – деп түсіндірді депутат.