Қазақстан Халық партиясының өкілдері кибералаяқтықпен күресуге өз үлестерін қосуға ниетті. Бұған дейін партияның парламенттегі фракциясы осындай қылмыстарды тоқтату үшін өз шараларын ұсынған болатын. Ал қазіргі таңда партия филиалдары жергілікті аймақтарда құқық қорғау органдары, қоғамдық ұйымдар және басқа да мекемелермен ынтымақтастық туралы меморандумдар жасасуда.
Түркістан облыстық филиалының төрайымы Зухра Қамбарова мен облыстық адвокаттар алқасының төрағасы Қайрат Қамбаров Түркістан облысының Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовпен осындай меморандумға қол қойды. Құжатта өзара іс-қимыл және болашақтағы бірлескен жұмыстар туралы мәселелер қаралған.
Қостанай облыстық филиалы да облыстық адвокаттар алқасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
– Бұл меморандум аясында интернет-алаяқтардың құрбандарына заңды кеңес беру және көмек көрсету үшін Қоғамдық қабылдау бөлмесі ұйымдастырылады, – деп атап өтті партия өкілдері.
Сонымен қатар, Қостанайдағы филиал облыстық Полиция департаментінің Киберқылмыспен күрес басқармасымен меморандумға қол қойды. Ал Ұлытау облысындағы ҚХП филиалы адвокат Серік Сексенбаевпен меморандум жасасты.
– Меморандумға қол қою азаматтарға көмек көрсетуге арналған жаңа механизмнің іске қосылғанын білдіреді. Бұл механизм заңнамалық көмек көрсету мен интернет-алаяқтықтың алдын алу үшін құқық қорғау органдарымен ынтымақтастық жасауға және азаматтардың қарыз жүктемесін азайтуға бағытталған, - деді партиялықтар.