Тепе-теңдікті сақтау!

dep.jpg

Парламенттік фракцияның жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магеррамов Конституциялық комиссияның отырысында сөз сөйледі. Ол заңгер ретінде еліміздің Негізгі заңына ұсынылып отырған түзетулерге талдау жасады.

М. Магеррамов Конституциялық реформаны тарихи оқиға деп бағалап, қоғамдық ұйымдар, саяси партиялар, сарапшылар және жалпы халық мемлекеттік мәселені кеңінен талқылап жатқанын айтты. Мәжілісмен Қазақстан Халық партиясы бір палаталы Парламент құру идеясын жан-жақты қолдайтынын еске салды (мұндай тармақ партияның сайлауалды бағдарламасында да болған) және палатаны пропорционалды негізде қалыптастыру сапалы жаңа саяси пікірталас үдерісін іске қосатынын атап өтті.

– Бұл саяси партияларды өзінің әлеуетті жақтастарымен диалогтың жаңа формасын белсенді іздеуге және азаматтардың әлеуметтік-экономикалық әрі мәдени сұранысын ескеруге ынталандырады, – деп атап өтті ҚХП фракциясының басшысы. – Саяси партияларды күшейтіп, олардың мемлекеттік саясатқа ықпалын арттырады. Біздің міндетіміз – қоғам мен өкілді билік арасында мазмұнды диалог алаңына айналатын тиімді әрі кәсіби Парламент құру.

Магеррам Магеррамов заңгер ретінде «Заң мен тәртіп» қағидатын бекітудің маңыздылығын ерекше атап өтіп, азаматтардың сайлау құқықтарына қатысты бірқатар жаңа нормаларды түсіндірді.

– Біз жеке құқық пен бостандық мәселесін конституциялық тұрғыдан неғұрлым нақты реттеу ұстанымын қолдаймыз, – деді мәжілісмен. – Барынша қорғалатын және кепілдендірілетін құқық пен бостандық азаматтық міндеттерден оқшау қарастырылмауы тиіс, олар заңдылықты нығайту және заңға сөзсіз құрмет көрсетумен қатар жүруі қажет. Тәртіп болмаса, заң күшін жоғалтады, ал заңсыз тәртіп – озбырлыққа айналады.

Сөзін қорытындылай келе, депутат ұсынылып отырған Конституцияның редакциясында Негізгі заңның рухы мен әрпі және нақты өмір шындығының талабы арасындағы тепе-теңдік сақталғанын атап өтті.

– Конституциялық реформаны жүргізу жөніндегі шешімнің дұрыстығының тарихи маңыздылығы алдағы жылдары дәлелденетініне сенімдімін, – деп түйіндеді М. Магеррамов. – Негізгі заңды реформалау елдің қоғамдық дамуының басты факторына айналады.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy