Болашаққа бағдар

Дүйсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады. Елді алда цифрлық жаңғыру, экономикалық жаңару және жаңа парламенттік реформа күтіп тұр. ҚХП Президенттің Жолдауындағы елдің болашақ саясаты үшін айрықша маңызы бар бірқатар тұжырымды ойларды іріктеп алды.

  1. Әлемдік тұрақсыздыққа қарамастан, біз жасанды интеллект пен цифрландыру дәуіріне нық қадам бастық.

  2. Экономиканы жаңғырту да осы кең ауқымды цифрлық өзгерістер мен жасанды интеллектіні енгізуден басталуы тиіс. Алдымен Цифрлық кодексті қабылдауды жеделдету қажет.

  3. Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру ұсынылды. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы керек.

  4. Үкімет инвестициялық саясатты қайта қарап, қажет болған жағдайда жоғары технология саласында жұмыс істейтін инвесторларға жеңілдіктер қарастыруы қажет.

  5. Бас прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитетінің атауын қайтадан Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитеті деп өзгерту ұсынылды.

  6. Ұлттық банк пен Үкімет банктердегі бос қаражатты экономикалық айналымға тарту үшін тиімді тетіктерді шұғыл әзірлеуі тиіс.

  7. Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясының базасында Мемлекеттік цифрлық активтер қоры құрылып, ол стратегиялық крипторезерв жинақтайтын болады.

  8. Киберқылмыстардың алдын алуға мүмкіндік беретін барынша интеллектуалды жүйе құру керек. Қажет болса, тиісті заңға және құқық қорғау органдарының қызметіне өзгерістер енгізген жөн.

  9. Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналуға тиіс. Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілуі керек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай үйлесім табуы қажет.

1

  1. Өңірлердің экономикалық дамуының қозғаушы күші әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар болуы қажет.

  2. Қазір негізгі мәселе – инфляцияның жоғары деңгейі. Ол экономикалық өсім мен халық табысын «жеп» отыр. Үкімет пен Ұлттық банк біртұтас команда ретінде әрекет етуі тиіс.

  3. Экономиканы әртараптандыру қарқынын күшейту қажет. Алдымен ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын өңдеу өнеркәсібін дамытуға басымдық беріледі.

  4. Ядролық энергетиканы дамыту бағыты айқын. Екінші, тіпті үшінші атом электр станциясының құрылысын қазірден бастап жоспарлай беруіміз керек.

  5. Заманауи цифрлық құралдардың көмегімен жер қойнауының жаңа карталары жасалады. Бұл табиғи ресурстарды жаңа деңгейде бағалауға мүмкіндік береді.

  6. Ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге шығару міндеті тұр. Ішкі нарықтағы азық-түлік тәуелділігін барынша азайту – Үкіметтің стратегиялық мақсаты.

  7. Елдің дамуы мен халық игілігі үшін қызмет етуі тиіс ең басты стратегиялық ресурс – жер.

  8. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы маңызды дәнекер ретінде көлік-логистика саласын одан әрі дамытуға тиіс.

  9. Туризм саласы да кешенді дамытуды қажет етеді. Енді бұл бағыт өңірлік атқарушы органдардың тұрақты жауапкершілігіне айналады.

  10. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында экологиялық әрі санитарлық талаптар күшейтіліп, үнемшілдікке ынталандыратын жаңа нормалар енгізіледі.

2

  1. Су – стратегиялық ресурс. Су саласын цифрлық трансформацияның негізгі бағыттарының біріне айналдыру қажет.

  2. Табиғатқа құрметпен, жауапкершілікпен қарау – ұлттық идеологиямыздың өзегі болуы тиіс.

  3. Кәсіпкерлік белсенділікті жандандыру күн тәртібінде тұр. Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің жанынан Интеллект арқылы реттеу орталығы құрылады. Бұл орталық заңнаманы ретке келтірумен, түсінікті әрі тиімді ұсыныстар әзірлеумен айналысады.

  4. Жаңа Салық кодексі салық төлеушінің санасын өзгертіп, адалдық пен ашықтық қағидатына негізделуі қажет. Салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс. Бұл – азаматтарға сапалы мемлекеттік қызмет көрсетіліп, инфрақұрылым салынып, мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылуы қажет деген сөз

  5. Жасанды интеллект бойынша білім мектептен басталуы керек.

  6. Инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігіне беру ұсынылды. Академиямен бірлесе отырып, ғылыми-зерттеу институттары мен ЖОО жұмысын үйлестіру қажет.

  7. Елімізге кәсіби жұмысшы мамандар ауадай қажет. Сондықтан 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жарияланды.

  8. Ішкі және сыртқы көші-қон ірі қалалардың инфрақұрылымына ауыр салмақ түсіруде. Халықты өңірлерде ұстап қалу үшін жаңа әлеуметтік-экономикалық орталықтар құру қажет. «Қаржы азаматпен бірге жүреді» қағидасын енгізіп, өңірлік әлеуметтік міндеттемелерді қайта бөлу ұсынылды.

  9. Электросамокат мәселесі де өзекті күйінде қалуда. Заңнамалық шектеулер енгізілгенімен, көшелердегі қауіп әлі де бар.

  10. Жасанды интеллект пен цифрландыру барлық салаға еніп, ел әлеуетін еселей түсетін стратегиялық бағытқа айналуы тиіс.

  11. Ұлттық мүдделерге сай теңгерімді сыртқы саясат Қазақстанның тұрақты дамуына ықпал етеді.

  12. Біріккен Ұлттар Ұйымына әлі күнге дейін еш балама жоқ. Қазақстан оны көкейкесті халықаралық мәселенің бәрін әділ шешу жолындағы негізгі келіссөз алаңы болып қала беруге тиіс деп санайды. Дегенмен Біріккен Ұлттар Ұйымын, әсіресе, оның ең басты органы – Қауіпсіздік Кеңесін реформалайтын кез келді.

  13. «Заң мен тәртіп» – мемлекеттіліктің берік діңгегі. Қоғамдағы мәдениет пен тәрбиелілік әр отбасыдан басталуы керек.

  14. Болашақта елімізге бір палаталы Парламент құру мәселесін қарастыру ұсынылды. Бұл – байыпты талқылауды қажет ететін тарихи шешім. Халықпен ашық диалог жүргізіліп, 2027 жылы жалпыұлттық референдумда шешім қабылдануы мүмкін.

  15. Егер қоғам бірауыздан қолдаса, мұндай Парламент тек партиялық тізім бойынша сайлануы қажет.

Осындай тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізу қажет. Сонда ғана бәріміз бір ел болып, Әділетті және Қуатты Қазақстанды құру жолында тағы бір маңызды қадам жасаймыз.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy