Мемлекеттік білім беру тапсырысы шеңберінде жекеменшік мектептерде оқитын халықтың әлеуметтік осал санатындағы балаларға әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев айтты.
Ведомство басшысының айтуынша, мұндай санаттағы балалар «Жалпыға бірдей білім беру» бағдарламасы аясында қазірдің өзінде киім-кешек, оқу құралдары мен азық-түлікпен қамтамасыз етілуде. Бүгінде олардың жалпы саны 500 мыңнан астам. Алайда олардың барлығы мемлекеттік мектептерде оқитындар.
«Осындай әлеуметтік санаттағы барлық балаларға көмек көрсету мақсатында жергілікті атқарушы органдардың меншік нысанына қарамастан мектептердегі оқушыларға көмек көрсету құзыреті енгізілмек», - деді Бейсембаев.
Алайда, Қазақстан Халық партиясының депутаты Ислам Сұңқар бұл мәселені басқаша көтерді. Ол бүгінгі таңда көптеген жекеменшік мектептер бюджеттен қаржы алатынын, бірақ мемлекеттік мекемелерден айырмашылығы, олар бастауыш сынып оқушыларын ыстық тамақпен қамтамасыз етпейтінін атап өтті.
– Бұл мәселе түбегейлі шешіле ме, әлде халықтың белгілі бір әлеуметтік осал тобынан шыққан балалар ғана ыстық тамақпен қамтамасыз етіле ме? Балаларды бұлай бөлу дұрыс емес деп ойлаймын. Мәселен, мемлекеттік мектептерде бастауыш сыныпта оқитын барлық оқушы ыстық тамақпен қамтамасыз етілген, - деді депутат.
Министр бұл нормалар басқа да нормативтік құқықтық актілерде және заңнамалық актілерде қарастырылатынын айтып, сұраққа нақты жауап бермеді.