Магерамов: Заң үстемдігі – қоғам дамуының басты шарты

dep.jpg

Қазақстан Халық партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, депутат Магеррам Магерамов «1 арна Еуразия» телеарнасының «Парламент онлайн» бағдарламасына сұхбат берді. Сұхбаттың басты тақырыбы – «Заң және тәртіп» қағидатын жүзеге асыру.

Сұхбат барысында Мәжіліс депутаты еліміздегі кезең-кезеңімен жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар түптеп келгенде азаматтардың құқықтық санасын және құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталуы тиіс екенін атап өтті. Бұл, өз кезегінде, қоғамды мүлде жаңа деңгейге көтеруге жол ашады.

– Қысқаша айтқанда, ең бастысы – заң үстемдігі барлық жерде сақталуы тиіс. Яғни, ешбір мемлекеттік орган, лауазымды тұлға, ұйым немесе жай азамат заңнан тыс қалмауы керек, - деді Магеррамов.

Депутаттың айтуынша, бұл үдеріс біржақты болмауы қажет – азамат мемлекет алдында жауапты болғандай, мемлекет те әрбір азаматтың алдында өз жауапкершілігін сезінуі тиіс.

– Ең маңыздысы – «Заң және тәртіп» жай ғана ұран емес, бұл – нақты тәртіп орнататын құрал. Қоғамда адамдар өз құқығының қорғалатынын, міндеттердің орындалатынын білсе, онда тұрақтылық пен сенім қалыптасады. Бұл өз кезегінде құқық бұзушылықтың азаюына ықпал етеді. Заң шынымен жұмыс істегенде, полиция жедел әрі әділ әрекет еткенде, сот шешімдері орындалғанда, жалпы мәдениет, соның ішінде құқықтық мәдениет те артады, - деп атап өтті депутат.

Депутат атап өткендей, қоғамдық сананы жаңғырту – бір сәттік емес, кезең-кезеңімен жүретін процесс. Тек осы жолмен ғана қоғамда тамыр жайған жемқорлықты жоюға болады.

– Жемқорлар басқа ғаламшардан келген жоқ қой – олар өз қоғамымыздың өкілдері. Қоғамда әр адам өзгеруге талпынса, күнделікті өмірдегі жемқорлықтың да тамыры біртіндеп жойылады, - деді депутат.

Айта кетейік, «Заң және тәртіп» қағидаты – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа жолдауы барысында айтылған басты тұжырымдардың бірі. Мемлекет басшысы бұл қағидаттың қоғамның тұтастығын сақтау мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі маңызын ерекше атап өткен еді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy