Саяси жаңғыру мен экономикалық реформалар заң үстемдігіне негізделген мемлекет құрумен түйінделуі қажет. Бұл пікірді Мәжілістегі Қазақстан Халық партиясы фракциясының жетекшісі, Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің хатшысы, заңгер-депутат Магеррам Магеррамов айтты.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған ауқымды бастамалардың бірі – «Заң және тәртіп» қағидасы. Бұл – еліміздегі реформалардың негізін құрайтын маңызды бағдар.
– Құқықтық мемлекет құру дегеніміз – заңның үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл – баршаға ортақ ереже. Яғни, ешбір мемлекеттік орган, лауазымды тұлға, қоғамдық ұйым не жеке азамат заңнан биік тұра алмайды, – деді депутат.
Магеррамовтың пайымынша, бұл – тек азаматтардың емес, мемлекеттің де жауапкершілігін талап ететін өзара міндеттеме. Яғни, азамат өз міндетін атқарса, мемлекет те өз тарапынан халыққа адал қызмет етуі тиіс.
– Азаматтардың құқықтары мемлекеттік органдар мен шенеуніктердің негізсіз әрекеттерінен толық қорғалуы керек. Құқықтық жүйе шектеуге емес, дамуға жол ашатын демократиялық және экономикалық тетіктерге сүйенуі қажет, – деді ол.
Депутаттың сөзінше, заң үстемдігі мен тәртіп орнату үшін еліміздегі барлық нормативтік-құқықтық актілерді қайта қарап, қажетсіз, ескірген және қоғамның дамуына кедергі келтіретін нормалардан арылу қажет.