Мәжіліс банк қызметіне қатысты жаңа заң жобасын мақұлдады

dep.jpg

Мәжіліс бірінші оқылымда «Банктер және банк қызметі туралы» заң жобасын мақұлдап, сонымен қатар қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелеріне қатысты түзетулер пакетін қабылдады.

Заң жобасының негізгі бағыттарының бірі – тұтынушылардың құқығын қорғауды күшейту. Құжатқа сәйкес, енді мінез-құлықты қадағалау тетігі енгізіледі. Ол банктердің қарыз алушылармен өзара қатынасындағы ашықтықты, адалдықты және олардың құқықтарының сақталуын бақылауға алады. Сондай-ақ клиентке ұсынылатын ақпараттың толықтығы мен анықтығы, келісімшарттардың дұрыстығы және сотқа дейін дауды шешу механизмдерінің болуы қадағаланады.

– Заң жобасында қаржы омбудсменінің бірыңғай кеңсесін құру көзделген. Ол қазіргі банк, сақтандыру және микроқаржы омбудсмендерінің қызметін біріктіреді. Енді банктер қаржы өнімдері жөнінде ашық әрі түсінікті ақпарат беруге міндетті болады. Оған пайыздық мөлшерлемелер, мерзімдер мен несие шарттары кіреді, - деді құжатты әзірлеушілердің өкілдері.

Қазақстан Халық партиясының депутаты, Президент жанындағы әлеуметтік осал топ өкілдерінің құқығы жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан мүгедектігі бар жандардың құқығына қатысты мәселе көтерді. Оның айтуынша, бүгінде бұл азаматтардың бәріне бірдей банк қызметтеріне қолжетімділік қамтамасыз етілмеген.

– Кейбір банктердің бөлімшелерінде пандус, тактильді жолақтар немесе Брайль қарпіндегі ақпарат сияқты инфрақұрылым жоқ. Сонымен қатар, көзі нашар көретін немесе есту қабілеті шектеулі адамдарға арналған арнайы цифрлық бағдарламалар да енгізілмеген, – деді депутат.

– Бұл мәселелерді тиісті органдар назарда ұстауы қажет. Біз мүмкіндігі шектеулі адамдарға банк қызметін көрсетуге арналған бірыңғай стандарт енгізуді ұсынып отырмыз. Бірақ банктер әзірге бұл бастамамен келісе қойған жоқ. Ұсыныстар пакеті әзірленіп, заң жобасына енгізілді. Осы бастаманы қолдап, заңнамалық деңгейде бекіту маңызды, – деді Кенжеғұл Сейтжан.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy