ҚХП депутаты ІІМ-нің қаржы саясатын сынға алды

dep.jpg фото СОП Күзет

Құқықбұзушылықтың алдын алу туралы заң жобасын талқылау кезінде ҚХП фракциясының Мәжілістегі депутаты Ирина Смирнова Ішкі істер органдарының қаржыландыру мәселесін көтерді. Ол Ішкі істер министрлігін үнемдеуге шақырып, Қазақстандағы көптеген ұйымдар, соның ішінде мемлекеттік мекемелер де өз қауіпсіздігін өз қаражаты есебінен қамтамасыз етіп отырғанын айтты.

Депутаттың сөзінше, ІІМ бүгінде заманауи техникамен жан-жақты жақсы жабдықталған.

– Мұның бәрі салық төлеушілердің ақшасына сатып алынған. Қомақты қаржы жұмсалды. Сіздер бәрін көріп, бәрін естіп, бәрінен хабардарсыздар. Ал осы уақытта көптеген ұйым өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз етіп отыр, – деді ол ІІМ басшысы Ержан Сәденовке қарата.

Қазір балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейінгі білім беру мекемелерінде турникеттер, күзет қызметі, «дабыл батырмасы» орнатылған. Төтенше жағдай бола қалса өздерін қорғай ала ма деген тұрғыда мұндай ұйымдарда қауіпсіздік жүйелі түрде тексеріліп тұрады. Ал ІІМ болса, қаражаттың жетіспейтінін айтып шағымданады.

– Мүмкін, қосымша қаржы сұрай бергенше, өз ішіңізде өкілеттікті қайта қарап, бар ресурстарды тиімді бөлген дұрыс шығар? Оптимизация жүргізіп, бұған дейін бөлінген және қазір түрлі мүмкіндіктермен толықтырылған қаражаттың нақты қайда жұмсалып жатқанын анықтауға болады ғой, – деді депутат.

Бірақ министр бұл ұсынысты құптамады. Ержан Сәденовтің айтуынша, ІІМ қолда бар ресурстарды барынша тиімді пайдаланып отыр, ал «артық қаржы бар» деген пікір шындыққа жанаспайды.

– Көптеген мәселені біз ішкі үнемдеу есебінен шешіп отырмыз, – деді министр.

Оның айтуынша, білім беру ұйымдары өз қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс, бірақ ол ең қарапайым деңгейде болуы керек.

– Айталық, қандай да бір бұзақы немесе маньяк кіріп кетпеуі үшін. Ал жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – біздің міндетіміз. Ешбір балабақша не мектеп ауқымды шабуылдың бетін қайтара алмайды деп ойлаймын, – деді министр.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy