Жаңа көпқабатты үйдің былықтары шаш етектен

dep.jpg Елордалық «Кернай» ТК тұрғындары көмек сұрап Қазақстан Халық партиясына жүгінді. Көппәтерлі тұрғын үй кешені жақында пайдалануға берілген, алайда ондағы мәселелер шаш етектен. Келесі күні ҚХП Парламенттік фракциясының жетекшісі, Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов тұрғын үйге барып, көзімен көрді. Тіпті, тұрғындардың шағымдары расталғанын айтты.

Тұрғындардың алаңдаушылығы – лифтіден басталған. Себебі, ол қауіпті әрі жиі бұзылады. Бастапқыда тұрғын үй кешенінде «Kasper» неміс компаниясының лифттері орнатылады деп болжанған, алайда құрылыс салушы арзан түрік өндірісін артық көрген.

Тағы бір мәселе – ондағы желдету шахталары жұмыс істемейді. Тіпті, ғимаратта ерекше қамқорлықты қажет ететін азаматтар үшін жағдай жасалмаған. ТК арнайы көтергіштер немесе пандустар жоқтың қасы.

– Пандус тым тік орналасқан, бұл балаларға қауіп төндіреді. Әсіресе, автомобильдер жүретін жолдың жақын болуын ескеру қажет, – деп атап өтті Магеррамов. – Тұрғындар осының салдарынан балалар жол-көлік оқиғасына тап болғанын да айтты. Қыста жағдай мүлдем қауіпті.

Алдын-ала шарттарға сәйкес, құрылыс салушы тұрғындарға автотұрақ беруге уәде берді. Бірақ бұл аймақ қандай да бір себептермен сауда алаңдарына айналған. Бұрын уәде етілген спорт алаңы да жоқ, ал қолданыстағы ойын алаңы стандарттарға сәйкес келмейді. Сонымен қатар, жаңбыр кезінде кәріз жүйелері нөсерлі суға батып кетеді, ал өртке қарсы қауіпсіздік шаралары да толық сақталмаған. Ал мердігер болса, кемшіліктерін жоюға асығар емес.

Депутат Магеррам Магеррамов бұл мәселенің тамыры тереңде екенін айтты.

– Үкімет құрылыс саласына деген көзқарасты өзгертуі керек, – деп түйіндеді мәжілісмен ойын. – Кәсіпкерлерді жан-жақты қолдаған дұрыс, бірақ, басты талап – тұрғындар игілігі мен жайлы өмір сүруі болуы тиіс. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі жандар мен кішкентай балалары бар ата-аналар үшін де қолайлы жағдайлар жасау қажет.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy