Білім алу процесі қауіпсіз әрі ыңғайлы болуы қажет. Осы міндеттің қаншалықты дұрыс жұмыс істеп жатқанын бақылау үшін Қазақстан Халық партиясы "Қауіпсіз мектеп" акциясын ұйымдастырды. 30 тамызға дейін партиялықтар мамандармен және қоғам қайраткерлерімен бірге өңірлердегі мектептердің жай-күйін және олардың алдағы оқу жылының басталуына дайындығын тексереді.
ҚХП Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы "Заречный" кентінде орналасқан № 13 Петропавл мектебіне мониторинг жүргізді. Мониторингтің мақсаты – мектептегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және жалпы білім алу үшін жайлы жағдай жасауға жәрдемдеу. Аталған мектеп мониторинг жұмысын жүргізу үшін арнайы таңдалып алынды. Себебі, көктемгі су тасқыны кезінде ғимарат су астында қалып, жертөлесі еріген қар суынан зардап шеккен болатын.
Мектеп директоры Абай Қайсиннің айтуынша, су тасқынынан кейін мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Алайда ол әлі жүріп жатыр, аяқталу мерзімі тамыз айының соңына жоспарланған.
– Директор мекемедегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жөнінде айтып, жөндеу жұмыстарының барысы туралы түсіндіріп берді. Сонымен қатар біз сабақ оқуға арналған кабинеттердің дайындығын көрдік: жалпы ғимараттың жағдайы, жабдықталуы, оқулықтармен қамтылуы және тағы басқа. Мектепте мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған дәретхана да орнатылған, – деді партиялықтар тексеру қорытындысы бойынша.
ҚХП Атырау облыстық филиалының төрағасы Балжан Досмұхамбетова да партияның әйелдер қанатының өкілдерімен бірге мектептердің дайындығына қоғамдық бақылау жүргізуде. Олар Ф.Досымова атындағы №12 орта мектепке және Д.Байбосынов атындағы № 13 мектеп-гимназияға барып, басшылықпен тілдесіп қайтты. №12 орта мектепте педагогикалық (бастауыш сынып және орыс тілі пәні мұғалімдері) және көмекші персоналдар (тазалаушы, ағаш ұстасы, электрик, сантехник) арасында кадр тапшылығы бары белгілі болды. Сондай-ақ материалдық-техникалық қамтамасыз ету бойынша да қиындықтар бар. Ал мектеп-гимназияға интерактивті панель қажет және іргелес аумақты жөндеу, абаттандыру сынды мәселелер бар екені анықталды.