Жайық тасып жатыр!

dep.jpg

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқыны өз шарықтау шегіне жеткендей. Ақжайық, Бөрлі, Бәйтерек, Теректі аудандарындағы 94 елді мекенді, сондай-ақ Орал қаласы аумағының бір бөлігін су басу қаупі бар. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев өңір халқына үндеу тастады. Ол жағдай шиеленіскен күйінде қалып отырғанын атап өтіп, кәсіпкерлерге, қоғамдық ұйымдар мен волонтерлерге көмек көрсеткені үшін алғысын білдірді.

– Қазіргі уақытта Орал өзеніндегі су деңгейі Орал қаласының шегінде жеті метрге жетті және сыни деңгейге жақындай отырып, көтерілуін жалғастыруда, - деп хабарлады әкім. - Біз барлық ресурстарды жұмылдырдық, Жайық өзенінің жағалауындағы аса қауіпті учаскелерде бөгеттер салынуда. Басқа аудандарда да алдын алу шаралары қабылдануда.

Қазір жағалауды нығайту жұмыстарына 200 бірлік техника тартылып, 1000-ға жуық адам жұмыс істеп жатыр.

– Зардап шеккендерге облыс жұртшылығы да үлкен қолдау көрсетуде, - деп атап өтті Төреғалиев. - Өңірдің кәсіпкерлері, қоғамдық бірлестіктер, еріктілер мен облыстың қарапайым тұрғындары көмектеседі, сол үшін оларға көп рахмет.

Су тасқынынан зардап шеккен БҚО халқына көмек көрсеткендер қатарында Қазақстан Халық партиясының облыстық филиалының өкілдері де бар. Партиялықтар су тасқынының құрбандарына материалдық көмек ретінде 3 млн. теңгеден астам қаржы жинады. Филиал басшысы, мәслихат депутаты Борис Лаврентьев су тасқынын жою бойынша жедел штаб жұмысы аясында облыстың су басқан аудандарына барып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Сонымен қатар, ол су басқан тұрғын үйлердің жағдайымен танысты.

Сондай-ақ, облыстық филиалдың Жансұлу Төремұратова басшылық ететін әйелдер қанаты зардап шеккендерге белсенді көмек көрсетуде. Әйелдер жастар қанатының еріктілерімен бірге зардап шеккендерге қажетті азық-түлік, заттар жинап, оларды сұрыптап, кейін Ұзынкөл ауылының мұқтаж тұрғындарына жеткізді.


Біздің ресми аккаунтымызға жазылыңыз:
@halyk_partiyasy