
Қазақстанда инвестициялық ахуалды жақсарту жұмыстары жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы аясында жаңа инвестициялық цикл басталмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов мәлімдеді.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа инвестициялық циклде басты назар технологияларды Қазақстанға жеткізе алатын ірі инвесторларды іздеу мен тартуға аударылады. Сонымен қатар, бұл инвесторлар жергілікті мамандарды оқытуға ықпал етіп, Қазақстанның өнімдерін жаңа халықаралық нарықтарға шығаруға мүмкіндік беретін болады.
– Жаңа инвестициялық циклдің басты инвесторлары ретінде Үкімет анықтаған перспективалы салалардағы компаниялар көзделуде. Бұл – машина жасау, мұнай-газ-химия, жаңартылатын энергия көздері, заманауи ауыл шаруашылығы, жоғары деңгейдегі металлургия секілді экспортқа бағытталған әрі жаһандық бәсекеге қабілетті өндірістердің құрылуына мүмкіндік беретін салалар, – деді Арман Қасенов.
Вице-министрдің сөзінше, аталған салалардағы еңбек өнімділігі әлемде өңдеу өнеркәсібінің орташа деңгейінен әлдеқайда жоғары, бұл өз кезегінде экономиканың өсуіне серпін береді.
Ал Мжілістегі ҚХП фракциясының жетекшісі Магеррам Магеррамов Үкіметтің алдында тұрған міндеттің өте күрделі екенін, әрі оны шешуді басқаша бастау қажет екенін айтты.
– Әрине, бізде әлеуметтік-экономикалық трансформация тәжірибесі бар. 90-жылдар мен 2000-жылдардан өттік. Бірақ қазіргі кезеңде қажет өзгерістер көлемі мен күрделілігі тұрғысынан бұған жетпейді. Қоғамдық-экономикалық дамуды жедел әрі тұрақты жүзеге асыру үшін үлкен жұмыс керек, - деді депутат.
ҚХП инвестиция саласының саясатын қайта қарап, назарды сандық көрсеткіштерден сапаға, аралық нәтижелерден соңғы нәтижеге аударуды ұсынды.
– Стратегиялық бағыттар бойынша, біз жедел экономикалық тиімділік пен әлеуметтік мәселелерді шешетін салаларды қарқынды дамыту қажет деп есептейміз. Үкіметтің мұндай кешенді бағдарламалары бар ма? – деді Магеррамов.
@halyk_partiyasy