Қазақстан Халық партиясының парламенттік фракциясы «Жаңа Салық Кодексін әзірлеу тұрғысынан салық салудың өзекті мәселелері» тақырыбында сараптамалық кездесу өткізді. Құжат жақын арада Мәжіліске келіп түсуі тиіс.
Фракция басшысы, депутат Магеррам Магеррамов атап өткендей, жаңа Кодекс жайлы отандық бизнес өкілдерінің айтары бар. Демек,бизнеске осындай мүмкіндік беру керек.
– Біз салық салу саласындағы барлық проблемалық мәселелерді тыңдағымыз келді, - деп атап өтті депутат. - Біз заң шығарушылар ретінде Кодекспен жұмыс істеу кезінде неге назар аудару керектігін түсінуіміз керек.
Талқылауға «Атамекен» ҰКП, «Тәуелсіз кәсіпкерлер қауымдастығы» өкілдері және бизнес-қоғамдастықтың басқа да өкілдері белсенді қатысты. Кездесуге қатысушылар ҚҚС мөлшерлемесін көтеру, ҚҚС әкімшілендіру, атап айтқанда, «е-tamga» жүйесін енгізу, ШОБ субъектілеріне салық салу және арнайы салық режимдерін реформалау мәселелерін талқылады.
– Басты мақсат - Салық кодексінің дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ету, - деп есептейді Мәжіліс депутаты Ислам Сұңқар. - Енгізілетін барлық өзгерістер бизнесті көлеңкелі сектордан шығаруға бағытталған.
Мәжілісмендер Қазақстанға мемлекеттің мүддесін ескеріп қана қоймай, кәсіпкерлерді экономиканың нақты секторларын дамытуға ынталандыратын жаңа салық саясаты қажет деп санайды. Сарапшылар түрлі пікірлер айтты. Олардың барлығы Заң жобасымен жұмыс барысында ескерілетін болады.
– Біз ҚХП фракциясы жанынан сараптама тобын құруды жоспарлап отырмыз, ол бізбен Салық кодексі бойынша нақты және жүйелі жұмыс істейтін болады, - деп хабарлады депутат Ислам Сұңқар.
Мәжілісмендер кәсіпкер үшін қолжетімді бірыңғай, нақты қаржы саясатын қалыптастыратын салық салудың нақты тетіктерін әзірлеуге ниетті.
– Жаңа Салық Кодексі ашықтықпен қатар, түсінікті де болуы тиіс, - деп есептейді ҚХП депутаттары.