ҚХП «Жас Орта» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Депутаттың қоғамдық көмекшілері» жобасы аясында бір топ астаналық студент ҚР Парламенті Мәжілісіне барды. Жастар үшін ғимарат бойынша арнайы экскурсия ұйымдастырылып, олар Қазақстан парламентаризмінің тарихымен танысуға мүмкіндік алды.
«Депутаттың қоғамдық көмекшілері» жастар өкілдігінің жобасы Парламент Мәжілісінің депутаты Ислам Сұңқардың бастамасымен жүзеге асты.
«Жоба аясында студенттер әлеуметтік маңызы бар мәселелер бойынша депутатпен тығыз араласуға мүмкіндік алды. Менің басты мақсатым – ел дамуына үлес қосқысы келетін дарынды жастарды бір қауымға біріктіру», - деді депутат.
Шара аясында студенттер пленарлық мәжіліс залдарын, халық өкілдерінің кабинеттерін және кітапхананы аралады. Экскурсиядан кейін алғашқы жиын өтіп, оның барысында келесі тоқсанға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді.
«Студент кезімде Парламент ғимаратын аралауды армандайтынмын. Бүгінде Мәжіліс қоғамға барынша ашық. Мұндай шараларды өткізу арқылы біз жастарды депутаттардың жұмысымен таныстырып қана қоймай, оларды еліміздің саяси өміріне қатысуға ынталандырамыз», - деп атап өтті Ислам Сұңқар.